«AMANAT»-тың мониторинг топтары: Баға өсімі жалғасып жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Атырау облысында күріш 40,6%-ға немесе 412 теңгеге қымбаттаған

«AMANAT» партиясы жанындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына мониторинг жүргізіп жатқан қоғамдық топтардың жұмысы белсенді жалғасуда. Атап айтқанда, осы аптада партия мүшелері Атырау мен Қызылордадағы сауда нысандарын тексерді. Бұл туралы Azattyq Ruhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Атырау облысында партия мүшелері қырыққабат 67%-ға немесе 187 теңгеге, сәбіз 38,1%-ға немесе 268 теңгеге, күріш 40,6%-ға немесе 412 теңгеге қымбаттағанын тіркеді. Бұл ретте, бірінші сұрыпты бидай ұны 15,7%-ға арзандап, бір килограмм үшін 188 теңгеге қолжетімді бола бастады. Нан 21,8%-ға арзандап, бір бөлкесі 147 теңгені құрап отыр.

«Баға әркім үшін әр түрлі. Мысалы, маған бір бағаны, келесі тұтынушыға басқа бағаны айтады. Соған қарамастан, адамдар сатып алуға мәжбүр. Себебі басқа амалы жоқ. Неліктен жаз мезгілінде көкөністер соншалықты қымбат? Жаға ұстатарлық жағдай», - дейді зейнеткер Гүлжан Досова.

Тағы бір маңызды мәселе – тауар бағасының жазылып тұрмауы. Мониторинг тобының мүшелері саудагерлерге осыны ескертті.

«Өткен аптадағы тексеру кезінде күріш бағасы 310 теңге еді. Осы аптада оның бағасы 400 теңгеден асты. Ал картоп бағасы 224 теңгеден 190 теңгеге дейін арзандады. Сатушыларға үстеме баға 15%-дан аспауы керек деген ескерту жасасақ, бізге солай айтылған деп жауап береді. Ал бағаны кім белгілейтінін айтпайды. Баға әр жерде әр түрлі», - дейді мониторинг тобының мүшесі Сәкен Өскенбаев.

Қызылорда облысында пияз бағасы бір килограмм үшін 27,3%-ға немесе 243 теңгеге, ал қарақұмық жармасының бағасы бір килограмм үшін 12,5%-ға немесе 565 теңгеге дейін өсті. Соған қарамастан, сүзбе бағасы бір килограмм үшін 44,6%-ға немесе 961 теңгеге дейін төмендеді. Нан бірден 54%-ға арзандап, бір бөлкесі 86 теңгені құрап отыр.

«Аптасына екі рет ірі сауда орталықтарын аралап, соның нәтижесінде азық-түлік бағасының төмендегенін байқадық. Бір аптада нан бағасы төмендеді. Барлық мәліметті талдап, саралап, сауда кәсіпорындарының басшыларына және жеткізіп беруші ұйымдарға ұсыныстар жолдап жатырмыз», - деді мониторинг тобының мүшесі Мейрамбек Есжанов.

Қызылорда қаласының тұрғындары да баға өсіміне назар аударып жатыр. Алайда олар «AMANAT» партиясы жанындағы мониторинг жүргізетін топтардың қызметі бағаны төмендетуге оң әсерін тигізіп жатыр, деп есептейді.

«Мониторинг топтарының жұмысы бағаны ұстап тұруға көмектеседі. Оларды базарларда және дүкендерде жиі көремін. Мүмкін, сондықтан да сатушылар әр түрлі жеңілдік акцияларын жиі өткізе бастаған шығар», - дейді жергілікті тұрғын Ақмарал Жандәулетова.

Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада еліміздің барлық облысы мен ауданында мониторинг және қадағалау жүргізетін 216 партиялық топ жұмысқа кірісті. Мониторинг топтары күн сайын жұмыс істейді. Аймақтардағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өзгергеніне қатысты мәліметтің мән-жайы Партиялық бақылау комиссиясының отырысында қаралады. Өзгеріс анықталған жағдайда мәселені шешу үшін ұсынымдар әзірленіп, нақты мерзімі мен жауапты тұлғалар белгіленеді.