9 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды – министрлік
1991 жылдан бері 1 миллион 96,9 мың этникалық қазақ елге оралған
2022 жылдың басынан бері 9 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне қарағанда 2022 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 9 077 этникалық қазақ қандас мәртебесін алды.
«Жыл басынан бері елімізге келген қандастардың жартысынан көбі (69,9%) Өзбекстаннан, 10,3% –Қытайдан, 7,1% – Түрікменстаннан, 4,0% – Моңғолиядан және 8,7% басқа елдерден. Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы, Маңғыстау, Түркістан және Жамбыл облыстарына, сондай-ақ Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларына қоныстанды», - деп көрсетті министрліктің баспасөз қызметі.
Tңбекке қабілетті жастағы қоныс аударушылар саны - 60,5%, еңбекке қабілетті жастан кіші -26,2% және зейнеткерлер - 13,3%.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 11,8%-ы жоғары білімді, 39,8%-ы орта кәсіби білімді, 46,7%-ы жалпы орта білімді және 1,6%-ның білімі жоқ.