Мердігер компания үш күн ішінде жөндеп береміз дегеніне тұрғындар сенбейді. Өйткені бұған дейін де құрғақ уәдемен тойдырды деп отыр
Елордада көпқабатты үйдің кіреберісі опырылып түсті. Абырой болғанда үйінді астында қалып зардап шеккендер жоқ. Бұл туралы Azattyq Ruhy КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
«Құдай сақтап, бір ажалдан қалдық», - дейді тұрғындар. Оң жағалаудағы бұл пәтердің міні мен сыны көп. Бірақ бастапқыда азаматтар «комфорт баспана» деп алған екен. Енді қыруар қаржымыз далаға кетті ме деп қапалы.
Бір қарағанда түсініксіздеу көрінетін үйме көпқабатты үйдің кіреберісі, яғни опырылып түскен төбесі. Тұрғындардың ешқайсы зардап шекпеген.
«Әулет» елорданың оң жағалауындағы Қошқарбаев көшесінде орналасқан көпқабатты үй. Әу баста комфорт баспана деп алған азаматтардың айтар шағымы көп.
«Кепіл емес қой мысалы, басқа подъездерде төбесі құлап түсуі мүмкін. Менің де кішкентай балаларым бар, қорқамын олар үшін. Қуанышым ұзаққа созылмады. Қатты өкініп отырмын. Соншалықты қымбат, қазір білесіздер, материалдар қымбат, қымбат жөндеу жасаттық», - дейді Мәдина Мырзахметова.
Жауапты құрылыс компаниясы болашақ үйдің жоспарын таныстырғанда мақтауын асырыпты. Мұнда воркаут, футбол, балалардың ойын алаңы болады. Үйдің іші-сыртын қымбат тақтатаспен әрлейміз деп әдемілеп жарнамалаған. Түрлі-түсті жоспарын да көрсетіпті мердігер компания. Тұрғындар соған алданып қалдық дейді.
Азаматтардың алғашқы легі мұнда жыл басында көшіп келіпті. Содан бері жауапты компания үй құрылысын толық аяқтамаған. Сөйте тұра, тұрғындарды келісімшартқа қол қойыңдар деп мазамызды алды дейді.
«Кеше маған компания менеджері қоңырау шалып, «тезірек құжат рәсімдеу керек» деді. Мен әлі күнге сатып алу, сату шартына қол қоймадым. Компания үйімізді толық жөндеп бергенін күтіп отырмын. Сонда ғана қол қойып қалармын. Шынымды айтсам, бұл үйде тұрғым келмей кетті», - деді Разалия Өгізбаева.
Осылайша 300-ден астам тұрғынның жайлы баспанада тұрамыз деген қуанышы су сепкендей басылған. «Далаға кеткен ақшамыз-ай» деп күйінеді. Басқасын былай қойғанда, мердігердің еккен жасыл желегіне дейін қурап, солып жатыр деп ашынады тұрғындар.
Азаматтардың баспанасына емес, бас ауыруына айналған үйдің автотұрағы. Тұрғындардың айтуынша бұл болар іс болып, бояуы сіңгендегі көрініс екен. Жаңбыр жауған сайын бұл жерде аяқ алып жүре алмай қалады.
Ал жауапты құрылыс компаниясының өкілдерімен жүздесу мүмкін болмады. Азаматтардың ашуынан сескенді ме, бұл тараптан ешкім келе қоймады.Тек мердігермен телефонмен тілдесудің амалын таптық. Оның тұрғындар сұрағына жаттанды жауабы әзір болып шықты.
«Біз өзімізге берілген жоспармен жасадық. Ал тұрғындардың ол жоспарды қайдан алағанын білмеймін. Жертөлеге толған су Қошқарбаев, Жұмабаев көшесіндегі барлық үйге тән құбылыс деуге болады. Өйткені су ағар болмағаннан кейін жаңбыр суы үйге құйылады».
Ал құлап қалған кіреберісті үш күн ішінде жөндеп беруге әзірміз дейді мердігер компания. Бірақ тұрғындар олардың сөзіне сенбейді. Өйткені бұған дейін де құрғақ уәдемен тойдырды дейді.
Сондықтан бірлескен түрде сотқа шағымдануға әзір. Өйткені келесі жолы бұндай жағдай қайталанса, біреу-міреу жазым болмасына кепіл жоқ деп отыр.