Қытайда Қазақстанның 780 азаматы жүр - СІМ

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстан аумағында коронавирустың пайда болуына жол бермеу жөнінде отырыс өтті

Фото: ашық дереккөзден

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев ҚР аумағында коронавирустың пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысын өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың берген мәліметі бойынша, бүгінгі таңда Қазақстанда коронавирустық инфекциямен сырқаттану жағдайлары тіркелмеген. ҚХР-мен мемлекеттік шекара арқылы барлық өткізу пункттерінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылау жұмыстары жалғасуда, оның барысында осы жылдың 6 қаңтарынан бастап 21,8 мың адам қаралды.

«Осы жылдың 5 ақпанындағы жағдай бойынша 104 адам жоғары температурамен ауруханаға жатқызылды, олардың 71-і бүгінде ауруханадан шығарылған. Стационарларда 33 адам қалып отыр, барлығына коронавирусқа қатысты зерттеу жүргізілді – нәтижелері теріс», — деді Елжан Біртанов. 

Сондай-ақ таяуда Ухань қаласынан эвакуацияланған 83 отандасымыз карантинге жатқызылған еді. Зертханалық тексерулер елге оралғандардың бойында да коронавирустық инфекцияның жоқ екенін анықтады. 

Өз кезегінде ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев қазіргі таңда ҚХР аумағында ҚР-ның 780 азаматы, оның ішінде 559 студенті жүргенін хабарлады. Қазақстанға жеткізу туралы 427 адам өтініш берген, қалғандары ҚХР-да қалуға ниет білдірген. Сыртқы саяси ведомство дипломатиялық арналар арқылы азаматтарымызды елге әкетуді ұйымдастыру мүмкіндігін пысықтап жатыр.