Ұлттық банк жалған банкнотты қалай ажыратуға болатынын түсіндірді

Автор: Azattyq Rýhy

ҚР Ұлттық банкі мен екінші деңгейлі банктер 408 150 теңгенің қолдан жасалған ақшасын анықтады

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстан Ұлттық банкінің банкноттар мен монеталарды сараптау басқармасының бастығы Асқат Мұқамадиев 2022 жылдың І жартыжылдығында анықталған жалған ақша белгілері туралы деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

2022 жылдың І жартыжылдығында Қазақстан Ұлттық банкі мен екінші деңгейлі банктер 408 150 теңгенің қолдан жасалған 139 ақша белгісін (136 банкнот пен 3 монета) анықтады. Бұл 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 41%-ға аз көрсеткіш (340 жалған ақша белгісі).

«Көп жағдайда номиналы 2 000 теңгелік банкноттар (97 дана) қолдан жасалған. Олар жалпы көлемнің 70%-ын құрайды. Номиналы 5 000 теңгеліктен – 15 дана (11%), 10 000 теңгеліктен – 10 дана (7%) ақша қолдан жасалған. Қалған 9%-ы өзге номиналдағы банкноттарға тиесілі.

Жалған банкноттардың көп  бөлігі Алматыда – 68 дана (жалпы көлемнің
51%-ы), Нұр-Сұлтан қаласында – 16 дана және Шығыс Қазақстан облысында – 29 дана анықталды», - деп атап өтті Асқат Мұқамадиев.

Қазақстан Ұлттық банкінің өкілі түпнұсқа банкноттарды қолдан жасалған ақшадан ажыратуға көмектесетін қарапайым қағидалардың бар екенін еске салды. Банкноттарда бедер тудыратын арнайы мөр бар.

«Сол сияқты барлық банкноттарда көру қабілеті нашар адамдарға арналған, қолмен ұстағанда жақсы білінетін дөңес тәрізді жоғары бедерлі элемент түріндегі белгілер бар.

Банкноттың түсі анық және контрастылы болуға тиіс, су таңбасы мен номиналдың цифрлық бейнесін көру үшін банкнотты жарыққа бағыттап көру қажет», - деді А. Мұқамадиев.  

Банкнот бетіндегі жазулары бар тұтас жіп тәріздес, жарықта анық көрінетін жазулар бар үзік сызық түріндегі тұтас магниттік және сүңгуір жіпке де назар аударған жөн.

«Номиналы 1 000, 2 000, 5 000, 10 000 және 20 000 теңгелік банкноттарда түрлі-түсті бояумен салынған сурет түріндегі бейнелер бар. Банкноттың көлбеу бұрышы өзгерген кезде бейнелердің түсі жасылдан алтын түске дейін өзгереді», - деді Ұлттық банк өкілі.

Купюраны осы әдіспен тексеруге бірнеше минут уақыт кетеді және ол банкноттың түпнұсқасын анықтауға көмектеседі. Шын ақшаны жалған банкноттан қалай ажыратуға болатыны туралы ақпаратпен Қазақстан Ұлттық банкінің сайтында толығырақ танысуға болады.