Елімізде шамамен 3,1 млн адам әлі күнге дейін сақтандырылмаған
Қазақстандықтар бұдан былай міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қызметін алу үшін 12 айға алдын ала төлем жасауы тиіс. Бұл өзгерістер қыркүйек айынан бастап енгізіледі, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қазақстанда медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. МӘМС-ке төлем жасау барлығы үшін міндетті болғанына қарамастан, елімізде шамамен 3,1 млн адам әлі күнге дейін сақтандырылмаған. Оның 3 миллионы – экономикалық белсенді халық, яғни жұмысқа қабілетті азаматтар.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ департамент директорының орынбасары Жанар Ботагаринаның айтуынша, «Saqtandyrý» ақпараттық жүйесінде соңғы 12 ай ішіндегі деректерді талдау кезінде МӘМС жүйесіне қатысушының алдыңғы мәртебесі тұрғысынан сақтандырылмағандардың 69%-ы мүлде жарна төлемегені анықталды.
«Азаматтардың тағы 16%-ы – өз қызметін азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша атқаратын тұлғалар. Қазір жарналарды төлеуді тоқтатқан бұрынғы жалдамалы жұмысшылар 7%-ды құрайды. Дербес төлеушілердің үлесі – 4%. Қазір жарна төлемейтін және сақтандыру мәртебесін жоғалтқан жеке кәсіпкерлер мен бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеушілердің саны – 3%. Бұл негізінен 38-40 жастағы адамдар. Олар бейресми жұмыс істейді және жарна төлемейді. Сондай-ақ жұмыспен қамту орталығына барып ресми тіркеле алатын жұмыссыздар да бар. Бұл жағдайда осы азаматтар жеңілдік санатына кіріп, олар үшін төлемдерді мемлекет аударады», – дейді ол.
Оның сөзінше, тәжірибе көрсеткендей жұмыс істемейтіндер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар өткен кезең үшін жарна төлеуге қызығушылық танытпайтыны анықталды. Сол себепті олар үшін МӘМС жүйесіне қатысудың баламалы нұсқасы әзірленді.
«Азаматтар алдын ала жарналарды төлеп, жыл бойы МӘМС тізбесіндегі медициналық көмекті алады. Сақтандырылмаған халықтың шамамен 30%-ы жаңа төлем түрін пайдаланады деп күтілуде. Сонымен қатар өткен берешегі жоқ дербес төлеушілердің МӘМС жарналарын ай сайын төлеу құқығы сақталады. Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылы дербес төлеушілер ай сайын ең төменгі жалақы мөлшерінің 5%-ы көлемінде – 3 000 теңге жарна төлейді», – дейді Жанар Ботагарина.