Марат Жүндібаев басқарып отырған шаһар биыл 143-ші туған күнін атап өтпек
Қостанай облысының орталығы Қостанайдағы қала күніне арналған іс-шаралар тамыз айының 5-6 күндері басталып, 19-20 тамызға дейін жалғасады. Ашық дереккөздерге сүйенсек, қала күніне орай әкімдік Қазақстан мен Ресейге танымал әнші Назиманы, эстрада жұлдыздары Кәмшат Жолдыбаева, «Орда» тобы сияқты әншілердің концертін ұйымдастырмақ.
Azattyq Ruhy мемлекеттік сатып алу сайтынан қала күніне орай қандай тендерлер өтетінін және жалпы осы датаға байланысты қала бюджетінен қанша қаражат жұмсалғанын анықтады.
САХНАНЫҢ ЖАЛҒА АЛУ ҚҰНЫ – 15 МЛН ТЕҢГЕ
Қала күніне арналған тендердің бәрін дерлік Қостанай қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Мирас» қалалық мәдениет сарайы ұйымдастырып жатыр.
Мәселен, мекеме 20 шілде күні Қостанайда қала күнін мерекелеу үшін сахнаны жалға алу туралы лот жариялаған. Баса айта кетерлігі, бұл лотты жеңіп алған компания «AKK COMPANY» ЖШС Қостанайда емес, Алматыда орналасқан және оның басшысы Бауыржан Базаров мемлекеттік сатып алу сайтында (басқа компаниясының атымен – автор) жосықсыз өнім берушінің қатарына енген.
Осыған қарамастан, бұл кісінің екінші компаниясы Қостанай әкімдігінің 15 млн теңге көлеміндегі лотын жеңіп алған.
Әкімдікке қарасты осы мекеме қала күнінің қалай тойланып жатқанын теледидардан көрсету үшін тағы бір лот жариялаған.
Бұл лот бойынша өтініш қабылдау уақыты 1 тамызда аяқталады. Тендердің техникалық құжаттамасында жазылғандай, бұл лотты жеңіп алған компания 19-20 тамыз күндері Орталық жағалаудағы концертті жергілікті арнадан тікелей эфирден көрсетуге міндетті болады.
«ӘНШІЛЕРДІҢ ГОНОРАРЫН ЖАРИЯЛАЙ АЛМАЙМЫЗ»
Мемлекеттік сатып алу сайтында қала күніне шақырылған әншілердің гонорары туралы, жалпы, қала күнін тойлау үшін бюджеттен толықтай қанша қаражат бөлінгені туралы ақпарат іздедік. Табылмады. Сондықтан, қала әкімнің баспасөз қызметіне хабарласып, әншілерді шақыру үшін бөлінген қаражат туралы сұрадық.
Әншілердің әрқайсысымен жеке келісімшарт жасалғанын айтқан баспасөз қызметі қала күнін тойлауға жалпы 66,2 млн теңге қаражат бөлінгенін ресми хабарлады.
«Қала күні 2022 жылдың 19-20 тамызында өтеді. Іс-шаралар қаланың үш алаңында ұйымдастырылады. Қала күнін тойлау үшін жергілікті бюджеттен 66,2 млн теңге бөлінді. Бұл қаражат техникалық құрылғыларға, сахнаны безендіруге, әртістер мен шығармашылық ұжымдарды тартуға, жарнамаға, іс-шараны теледидар мен әлеуметтік желілер арқылы тікелей эифрден көрсетуге бағытталған», - деп хабарлады Қостанай қаласы әкімінің баспасөз қызметі.