Атырауда жүк көлігінің астына түскен жігіт суицид жасамақ болған
Оны полиция қызметкерлері тоқтатуға оқталған
Атырауда КамАЗ жүк көлігінің астына түскен жігіт суицид жасамақ болған. Оның жағдайы орташа ауыр күйде. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Департамент мәліметінше, оқиға 25 шілдеде болған.
«Сол күні жергілікті уақытпен сағат 19:00 шамасында 34 жастағы жігіт өз-өзіне қол салу мақсатында пышақпен мойынын кесіп, жарақат салған. Оны жұмыстан үйіне қайтып келе жатқан полиция қызметкерлері тоқтатуға оқталған. Алайда, сол кезде полиция қызметкерлеріне бағынбаған жігіт жолда жүріп бара жатқан КамАЗ автокөлігінің астына түскен», - делінген ресми хабарламада.
Ал Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі жүк көлігінің астына түскен жігіт туралы хабар жедел жәрдем қызметіне сағат 19:13-те түскенін хабарлады. Қоңырауды жолай өтіп бара жатқан тұрғын шалған. Жол-көлік оқиғасы болған Атырау қаласындағы «Каспий» аялдамасына №12 жедел жәрдем бригадасы барған. Жедел жәрдем бригадасының қызметкерлері қарау кезінде жігіттің жағдайы орташа ауыр күйде екенін анықтаған.
«Дәрігерлер 34 жастағы жігіттің тізесінің үсті, оң жақ жамбас сүйегі сынғанын анықтады. Мойнында пышақпен кесілген бірнеше жарақаты бар. Қазір науқас дәрігерлердің бақылауына алынды», - делінген басқарма хабарламасында.
Ал полиция қызметкерлері аталған оқиғаға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабымен қылмыстық істі тергеп жатыр.
Бұған дейін Атырауда жол ортасында жүрген жігіт КамАЗ көлігінің астына түскенін жазған болатынбыз.