Оның айтуынша, қазір алматылық команданың ойындары тек орыс тілінде жүргізіліп жатыр
«Қайрат» футбол клубының ойындарын үш жылдан бері қазақ тілінде жүргізіп келген комментатор тіл мәселесіне байланысты жұмыстан қуылғанын айтып шағымданды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Оның сөзінше, алматылық клуб басшылары мен клубтың демеушісі – 1Xbet букмекерлік кеңсесіне Әділеттің қазақша сөйлегені ұнамаған.
Шоумен, іс-шаралардың жүргізушісі, актер Әділет Бисариевтің бейнеүндеуі әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Резонанс тудырған видеода Әділет «Қайрат» футбол клубының басшылығы оны неге жұмыстан босатқанын және демеушілердің тіл үшін шүйліккенін айтып берген.
«Армысыздар, құрметті қазақстандықтар және «Қайрат» футбол клубының жанкүйерлері. Мен Бисариев Әділет 2019 жылдан бастап күні бүгінге дейін «Қайрат» футбол клубының қазақ тілінде жүргізушісі қызметін атқардым. Орталық стадиондағы ойындарын, жалпы «Қайрат» футбол клубының барлық іс-шарасында қазақ тіліндегі жүргізуші болдым. 24 шілде күні «Қайрат» футбол клубы мені жұмыстан шығарып жіберді. Жұмыстан шығарып жібергені қызық емес шығар, бірақ не үшін шығарып жібергенін баяндай кетейін, мүмкін сол сіздерге қызық болар, - деген Әділет мәселені баяндады - Мен «Қайрат» футбол клубына 2019 жылы жұмысқа кірдім. Сол кезден бастап, клуб басшылығының қазақ тіліне немқұрайлы қарайтынын байқадым. Бұл – менің жеке ойым. Мысалы, орталық стадионда қазақ әндері қосылмайды. Клубтың ардагер ойыншылары мен ақсақал жанкүйерлері қазақ тілінде жүргізуші пайда болғанына қуанып, жеті жыл бойы тек орыс тілінде жүргізілгенін айтты. Енді стадионда қазақ әндер ойналса деп өтініш білдірді. Мен оны клубтың диджейіне жеткіздім, ол «басшылық бекіткен плейлисті ғана ойнатамын» деді. Бұдан да өзге мәселелер болды. «Қайрат» клубының маркетинг бөлімінің бұрынғы басшысы мені қыспаққа алып, жұмыстан шығармақ болды. Дәл осы тіл мәселесі үшін, бұл – менің жеке ойым», - дейді Әділет бейнеүндеуінде.
Оның айтуынша, алғашында клуб басшылығы тырнақ астынан кір іздесе де жұмыстан қууға себеп таппаған көрінеді. Алайда, жуырда бас демеуші 1Xbet букмекерлік конторасынан шағым түсті деп, дереу орнынан босатыпты.
«Бәрі тамаша болды. Кейін, клубтың жанкүйерлері мені жақсы көріп кетті. 24 шілдеде «Қайрат» пен «Ақсудың» ойынына барғанмын. Маған ешкім жұмыстан шыққанымды ескертпеді. Микрофонды ұстайын десем, сол жерде тағы бір жүргізуші жүр. Орыс жігіт. Маған қоңырау шалып, бүгін жүргізбейсің деді. Маған алдын ала ешнәрсе айтылған жоқ. Неге десем, сен бұдан былай бізде жұмыс істемейсің дейді. Стадионнан шығып, бас директор Асқар мырзаға барсам, ол 1Xbet-тен саған шағым түсті дейді. Конкурсты дұрыс жүргізбедің дегісі келді. Конкурс жақсы өткен, ол туралы есепті ұсындым. Тағы қандай себеп бар десем нақты айтпады. Сен 1Xbet атауын «Уан хбет» (орыс тілінде емес, ағылшын тіліндегі айтылуы) деп айттың дейді. Менің қолымда конкурстың сценарийі жоқ еді, жалпы, жұмыс істеген жылдары маған қазақ тілінде сценарий келіп көрмеген», - дейді Әділет.
Жүргізуші өз жұмысын жақсы атқарғанына іштей сенімді болған соң, демеуші компания, яғни 1Xbet букмекерінің маркетинг жөніндегі басшысы Эльанора есімді әйелге жолыққан.
«Олармен сөйлесіп, мен мынадай ойға келдім: бұлар қазақ тіліне қыспақ көрсеткісі келеді. Қазақ тіліне қарсы екенін көзім жетті. «Ты ведешь на тойском», «Әп бәрекелді» дейсің дейді. «Адилет, что такое «әп бәрекелді» дейді. Мені олар сөйлеткісі келмейді. Бұл менің өз ойым – қазақ тіліне деген қыспақ, қарсылық. Енді ойын тек орыс тілінде болып жатыр. Сонда орысша түсінбейтін қазақтардың қамын кім ойлайды? Жұмыстан кеткеніме емес, тіл үшін жаным ашып тұр. Аллаға шүкір, табыс көзім жетерлік. «Қайраттағы» тіл мәселесі қиын. «Қайрат» командасы өзін халық командасы деп таныстырғанымен, қазақ тілін менсінбейді», – деді ол.
Әділет елімізде тіл мәселесін реттейтін құзырлы органдардан клубтың мемлекеттік тілге деген көзқарасын тексеріп, айтқаны расталса, жауаптыларды жазаға тартуды сұрайды.