Жалтарған жағдайда айыппұл мәжбүрлі түрде өндірілетін болады
Қызылордада заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған екі азаматқа сот үкімі шығарылып, біріне 1000 АЕК, екіншісіне 200 АЕК айыппұлға салды. Бұл туралы Azattyq Ruhy Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Екі ойын орны бойынша заңсыз бизнес ісі ҚМА Қызылорда облысы бойынша департаментінде тергелді.
«О.Цой заңсыз ойын мекемесін ашып, букмекерлік кеңсесінің атынан ғимарат жалға алған және 9 дербес компьютер алып интернет желісіне қосқан. Сараптама қорытындысына сай, желілік блоктарды пайдалану арқылы арнайы бағдарлама қолданып онлайн ойындар сайтына кірген.
Букмекерлік кеңсе орнын аша отырып, қызмет көрсететін персонал ретінде үш адамды осы заңсыз қызметке тартқан.
Екінші азамат Қ.Наурызбаев пәтер жалға алып, «электронды рулетка» ойын құрылғысын орнатқан. Екі адамды кассир қызметіне, екі адамды күзетші ретінде жұмысқа қабылдаған», - делінген ведомство хабарламасында.
Белгілі болғандай, сотталушыларға тағайындалған айыппұл сомасын төлеуге бір ай мерзім тағайындалды, жалтарған жағдайда айыппұл мәжбүрлі түрде өндірілетін болады.