Шахматтан әлем чемпионы Динара Сәдуақасова олимпиадаға қатысудан бас тартты
Спортшы дайындығының аздығына байланысты осындай шешім қабылдаған

Әлемге әйгілі шахматшы, әлем чемпионы, қазақстандық Динара Сәдуақасова 44-ші Дүниежүзілік шахмат олимпиадасына қатысудан бас тартты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Осы жазда мен Үндістанда өтетін Дүниежүзілік шахмат олимпиадасына қатысудан бас тарту туралы шешім қабылдадым. Бірқатар жағдайларға байланысты жауапты шараға дайындала алмадым. Дегенмен алдағы жарыстарға міндетті түрде қатысамын деген сенімдемін», - деп жазды ол.
Сәдуақасова осы жазбасы арқылы сондай-ақ олимпиадаға қатысатын өзге қазақ спортшыларына сәттілік тіледі.
«Әрине, бүгін мен барша қазақ спортшыларына күш-қуат, сәттілік тілеймін! Әріптестерімнің абыроймен өнер көрсетіп, жоғары кәсіби шеберліктерін көрсете алатындарына сенімдімін!» - дейді ол.