Атырау облысында алты айда 25 млрд 311 млн теңге игерілмей қалған
Бірінші жартыжылдықта игерілген қаржы 39,7 пайызды құрайды

Атырау облысында алты айда 25 млрд 311 млн теңге игерілмей қалған. Оның ішінде 10 млрд 521 млн теңге республикалық бюджеттен трансферт арқылы бөлінген. Бұл туралы облыс әкімі Серік Шәпкенов өткізген аппарат жиынында облыстық Қаржы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тілекқабыл Байдошев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Облыста жылдық жоспарланған қаржыны игеру көрсеткіші өте төмен. Жыл басынан бергі алты айда 25 млрд 311 млн теңге игерілмей қалды. Оның ішінде 10 млрд 521 млн теңге республикалық бюджеттен трансферт арқылы бөлінді. Бірінші жартыжылдықта игерілген қаржының көлемі бар болғаны 39,7 пайызды құрайды. Бірінші жартыжылдық бойынша даму бюджетінің игерілген үлесі – 21 пайыз. Қаржының көп бөлігі екінші жартыжылдыққа жоспарланып отыр. Бұған маусым айында республикалық бюджеттен 40 млрд теңге бөлініп, бюджетті түзету өз әсерін тигізді», - деді Тілекқабыл Байдошев.