Елордада өртеніп жатқан лифтіде қалып қойған әйел құтқарылды
Оған алғашқы көмек көрсетілді

Нұр-Сұлтан қаласының Айнакөл көшесіндегі үйлердің бірінде жеделсаты өртеніп, ішінде әйел адам қамалып қалған. Бұл туралы ТЖМ баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бүгін, яғни, 26 шілдеде сағат 15:20-да елордалық құтқарушылар Айнакөл көшесіндегі үйлердің бірінде жеделсаты өртенгені жөніндегі хабарлама бойынша шақыртуға шықты. Оқиға орнына дереу жеткен өрт сөндірушілер жедел сатыда электр сымдарының қысқа тұйықталғанын анықтаған. 12 және 13 қабат аралығында жеделсатының ішінде 1957 жылы туған әйел адамның қалып қойғаны белгілі болды. Өрт сөндірушілердің жедел әрі үйлесімді жұмыстарының арқасында әйел адам аман-есен жеделсатыдан шығарылып, оған алғашқы көмек көрсетілді. Одан кейін ол медициналық бригадаға тапсырылған», - делінген хабарламада.
Осылайша, елордалық №10-ӨСБ өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Жанат Шалтаев пен өрт сөндірушісі Қуат Қазбеков өз жұмыстарын мінсіз атқарып, адам өмірін сақтап қалды. Жедел көрсетілген көмек үшін құтқарылған әйелдің қызы құтқарушыларға өз алғысын білдірді.