Қазақстанда әкімдердің жасы мен қызмет өтілі қандай – статистика

Автор: Мира Байбек

Еліміздегі әкімдердің орташа жасы 52,2 жас болып отыр

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстандағы облыстар мен республикалық маңызы бар қала әкімдерінің жасы мен қызмет өткеру мерзіміне қатысты Ranking.kz компаниясы тағы бір зерттеу жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Биылғы 21 шілдедегі жағдай бойынша еліміздегі әкімдердің орташа жасы 52,2 жас болып отыр.

Еліміздің ең жасы үлкен әкімі - Шығыс Қазақстан облысын басқаратын Даниал Ахметов. Оның жасы 68,1-де. Одан кейінгі орындарда жаңадан құрылған Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев (59,6 жас) және Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин (58,7 жас) тұр.

Ең жас әкім – Мұрат Әйтенов (40,7 жаста) республикалық маңызы бар Шымкент қаласын басқарады. Сондай-ақ жастар арасында Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов (43 жас) пен елорда әкімі Алтай Көлгінов (44,5 жас) бар.

Еліміздің ең жас әкімі Мұрат Әйтенов 38 жасында қызметіне кіріскен, оның облыс басшысы лауазымындағы қызмет мерзімі – 2,5 жыл.

Шығыс Қазақстан облысын басқарып отырған Даниал Ахметов бұл қызметте 7,7 жыл (ең ұзақ мерзім) қызмет етіп келеді. Ол облыс әкімі қызметіне 60 жасында (бұған дейін Қазақстанның бірнеше облыстың әкімі және Қорғаныс министрі болды) тағайындалған.

Ең қысқа жұмыс кезеңі – жаңадан құрылған Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиевте, ол осы жылдың 11 шілдесінен бастап қана қызметіне кірісті.