«700-800 мың теңге жалақы алған». Бағдат Мусин «Зерде» холдингін не үшін таратқысы келгенін айтты
Министр холдингті таратуға Есеп комитетінің есебі түрткі болғанын айтты
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «Зерде» холдингі неге тарады және ондағы IT-мамандар енді қайда барып жұмыс істейді деген сауалдарға, сондай-ақ, холдингті таратуға ондағы қызметкерлердің жалақысы себеп болды ма деген сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Tengrinews.kz порталына берген сұхбатында Бағдат Мусин холдингті таратуға Есеп комитетінің есебі түрткі болғанын айтты.
«Есеп комитеті өз есебінде «Зерде» холдингінің ұзақ уақыт бойы шығынға жұмыс істегенін жазды. Міне, сондықтан да бұл холдинг керек пе деген сауал туындады. «Зерде» холдингі 100 пайыз мемлекеттікі. Ол ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ұлттық даму институты мәртебесіне ие болды. Бұл дегеніміз, «Зерде» осы саланы дамытудың белгілі бір стандарттары мен регламентін әзірлеуі керек еді. Сондай-ақ холдинг қолдау шараларын ұсынып, нарықпен үнемі өзара іс-қимыл орнатып, қандай да бір венчур қорлары, субсидиялар мен өзге де мәселелерді ойлауы керек еді. Тоқетерін айтсақ, бұл холдинг IT-саланың болашағын ойлауы керек еді, бұл оның бірінші кезекті міндеті болды. Алайда, IT-салаға өзге үш ұйым қолдау білдірді», - деді Бағдат Мусин.
Министрдің айтуынша, IT-технологияларды дамытумен «Зердеге» қарасты QazInnovations компаниясы, Astana Hub және тікелей министрлікке қарайтын Techgarde ұйымы айналысқан.
«Бұл үш ұйым үшін ешқандай холдинг керек емес. Сондықтан IT-саланы қолдап жүрген осы үш компания бірігеді. Бұл компаниялардың әрқайсысында 100-ден аз адам жұмыс істейді, мен осы ұйымдарды біріктіріп, соның нәтижесінде нарықтың айтишниктерімен өзара іс-қимыл орнататын түсінікті интерфейс пайда болады. Ол жақта грант та, қолдау да, акселерация да болады. Басқаша айтсақ, IT-нарық үшін бір терезе пайда болады», - деді Б. Мусин.
Холдинг қызметкерлері не істейді?
Бұл сұраққа жауап берген Мусин «өндірістік блоктағы әрбір қызметкер, яғни, елге шын пайдасын тигізген әрбір маман «Зерде» холдингінде алған жалақысына тең жалақымен басқа жұмысқа орналасатынына» уәде берді.
«Ал бэк-кеңседегі қызметкерлерге келсек, яғни, заңгер, қаржыгерлер тәуекел алдында тұр, олар қатты наразы, оны түсінемін. Бірақ әрбір қызметкерге жұмысқа орналасуға көмектесеміз», - деді Мусин.
Министр сондай-ақ, «Зерде» басшылығындағы азаматтарға да дәл солай өзге қызметтер ұсынылатынын атап өтті. Ал Есеп комитетінің мәліметіндей, холдингтегі шығынның көбі қызметкерлердің жалақыға кеткені рас па деген сұраққа жауап бере отырып, Мусин «ондағы жалақы көп деп айтпас едім. Шамамен 150 мың теңгеден бастап басшылықтағы азаматтардың 700-800 мың теңге жалақысы болды» деп жауап берді.