Алматыда таудан шыққан өрт тікұшақпен сөндіріліп жатыр
Табиғи өрт Медеу ауданындағы Қимасар шатқалынан шыққан
Алматының тауларынан шыққан өрт тікұшақ көмегімен сөндіріліп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, табиғи өрт 25 шілдеде сағат 20:00-де Медеу ауданындағы Қимасар шатқалынан шыққан.
«Тау баурайында құрғақ шөп өртеніп жатқаны туралы хабарлама келіп түскен соң, өртті сөндіруге дереу ТЖД құрамында 100 адам, 14 жаңа техника, оның ішінде атты патруль мен Іле-Алатау МҰТП инспекторларынан 60 адам, «109» құтқару қызметі мен«Қазавиаорман қорғаудан» 18 адам жұмылдырылды. Өртті сөндіруге сондай-ақ ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің «Қазавиақұтқару» АҚ-ның екі Ми-8 АМТ тікұшағы мен Алматы қаласы әкімі аппаратының 109-құтқару қызметінің су ағызу құрылғылары (3 тонна) жұмылдырылған», - делінген ТЖД хабарламасында.
ТЖД атап өткендей, беткейдің тік болуына және қараңғы түсуіне байланысты өрт сөндіру техникасы мен ұшақтарды пайдалану мүмкіндігі болмағандықтан, өрт сөндірушілер жаяу көтерілді.