Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,5 есеге көп
2022 жылдың алты айында мемлекеттік бюджетке салық түсімдері бойынша жоспар 7,15 трлн теңге түсіммен 106,4% орындалды. Бұл туралы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда мемлекеттік бюджетке салық түсімдері 2,3 трлн теңгеге немесе 1,5 есеге өсті. Көрсетілген мерзімде бюджетке 567,2 млрд теңге сомасында қосымша резервтер қарастырылған», - делінген комитет ұсынған хабарламада.
Сонымен қатар камералдық бақылау мен салықтық тексерудің тиімділігін 162,7 млрд теңгеге арттыру туралы айтылды.
Алты айда мемлекеттік кірістер органдарынан барлығы 9,9 млн салық және кеден қызметі көрсетілсе, оның 99%-ы электронды түрде берілді.
2021 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда электронды қызметтердің үлесі 1,9% өсті. Сонымен қатар мемлекеттік кірістер органдарының Байланыс орталығына кеңес алу үшін жүгінген азаматтардың 97%-ы операторлардың жұмысына оң баға берді.