Картонды жеткізушілер жыл басында көтерілген бағаны әлі түсірмеген
Елімізде сүт, кондитерлік өнімдер мен түрлі сусындар сынды картонмен қапталатын тауарлар қымбаттап жатыр. Өйткені, қаптаманың бағасы айтарлықтай өскен. Картон мен қағаздың басым бөлігі тек шетелден келеді. Оған соңғы уақыттағы тасымалдың ақсауы да қосылған. Енді кәсіпкерлер амалдың жоқтығынан тауар бағасын да өсіруге мәжбүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
Биылдан бастап өндірісінде картон қолданатын кәсіпкерлердің жұмысы біршама тұралаған. Солардың бірі Алматыдағы торт пісіретін кондитердің иесі Мария Рышкова. Осы салада 7 жыл тоқтамай жұмыс істеп келген ол картон бағасының өсуіне байланысты биыл өніміміз 15 пайызға қымбаттады дейді. Мәселен, торттарды қаптайтын мына қораптардың әрқайсысы осыдан үш ай бұрын 35 теңге тұратын. Ал, қазір мұның бағасы екі есе көтеріліп, 70 теңгеге дейін бір-ақ шығыпты. Сәйкесінше, кәсіпкерлер тәттінің құнын да шарықтатуға мәжбүр болдық деп шырылдап отыр.
«Қаптама қымбаттап жатыр. Өйткені, отандық өндіріс жоқ. Өзімізде қағаз, картон, тіпті пластик те өндірілмейді. Барлығы сырттан келеді. Қаптамалардың бағасы қымбаттап жатқан соң, біз де өз өніміміздің құнын өсірдік. Құр қол жалғыз тортты ешкімге бере алмайсың. Тұтынушыларға тәттілер бүлінбей жету үшін сыртында қорап болады», - дейді кондитерлік цехтың директоры Мария Рышкова.
Сол қорапты көлеміне келтіріп, әрлеп-сәрлеп кондитерлер мен өзге де орындарға сататын баспахана иелері де картон бағасының шарықтап кеткеніне күйініп отыр. Өйткені, дені Ресей мен Қытайдан келетін тауардың бағасы құбылып тұрғасын, биыл өнімдері қымбаттап, сатылымы 30 пайызға төмендеген.
«Биыл өкінішке қарай өндіріс қымбаттады. Кем дегенде 30 пайызға дейін. Бұл әрине біріншіден біз қолданатын материалдардың қымбаттауына байланысты. Ол қағаз, картон. Жеткізушілер рубль бағамы мен доллардың шарықтап кетуі себеп деп отыр. Өйткені, бізге қажет картонның бір бөлігі Ресейден, бір бөлігі Қытайдан келеді», - дейді баспахана директоры Наргиз Рахметова.
Ресейдегі картон қаптамаларын өндіретін компаниялар да рубль бағамының құбылуына байланысты шикізаттың қымбаттағанын растап отыр. Сондай-ақ логистика, яғни тауар тасымалдау қиындап кеткен. Алайда, қазір жағдай тұрақталды дейді олар.
«Картон қоймалардан сатылымға шыққан кезде бағасы өте жақсы болды. Шамамен 1 тоннасы үшін 100 мың рубль. Бұл баға өткен жылдың соңына дейін сақталды. Жаңа жылдан кейін баға бірден өсіп, картон өте тапшы болды. Картонға қажеттілік те күрт өсті. Сөйтіп, картонды өндірушілер мен сатушылар бағаны бір жарым есе өсіріп жіберді», - дейді Картон қаптамаларын өндіретін компания директоры Александр Тихонов.
Десе де, елімізге келетін бұл өнімнің құны әлі көңіл көншітпей тұр. Өйткені, картонды жеткізушілер өз қалталарын қампайтуды ғана ойлап, жыл басында көтерілген бағаны әлі түсірмей отырған көрінеді. Сәйкесінше, өндірісінде картон қолданатын кәсіпкерлеріміз шарасыздан тауар бағасын өсіруге мәжбүр.