Халықаралық олимпиадада жеңімпаз атанған ақтөбелік оқушыға 4,5 млн теңге сыйақы табысталады
Оған қоса, мектеп оқушысы кез келген жоғары орнына ҰБТ-сыз түсе алады
Жаңа заң талабына сәйкес Ақтөбе қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы халықаралық олимпиаданың жеңімпазы атанғаны үшін ақшалай сыйақымен марапатталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy жергілікті "Диапазон" порталына сілтеме жасап.
12-сынып оқушысы Санжар Хамиев географиядан IGeO-2022 халықаралық олимпиадасының алтын жүлдесін жеңіп алған. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, Санжарға 4,5 миллион теңге сыйақы табысталады. Оған қоса, мектеп оқушысы кез келген жоғары орнына ҰБТ-сыз түсе алады.
Халықаралық олимпиада Париж қаласында онлайн режимде өтті. Оған 54 елден 216 жас географ қатысқан. Олар жазбаша және мультимедиялық тапсырма орындап, өзара жарысты.
Санжар географияны қызығып оқиды. Ал олимпиаданың арқасында өз білімін тексердім дейді. Былтырғы олимпиаданың жеңімпазы Рустам Валеевтің көмегі орасан болғанын жасырмайды.
"Мен 9-шы сыныптан бастап қатты дайындалдым. IGeO-ге бір рет болса да қатысуды армандадым. Иә, қиын кездер де болды, арманымнан бас тартуды да ойладым. Бірақ нәтижесін көргенде жеңіске жеткеніме бірден сенбедім", - дейді Санжар Хамиев.
Айта кетері, мамыр айында президент халықаралық пәндік олимпиада жеңімпаздарына біржолғы ақшалай төлем төлеу нормасын қарастыратын заңға қол қойды.
Заңға сәйкес, алтын медаль алған оқушыға 1 500 АЕК (4 770 000 теңге), күміс медальға 1 000 АЕК (3 180 000 теңге), қола медальға 500 АЕК (1 590 000 теңге) ақшалай сыйақы беріледі. Сонымен қатар оқушыларды жарысқа дайындаған мұғалімдерге де біржолғы сыйақы төленеді.