Маңғыстауда бірнеше елді мекеннің құм көшкінінің астында қалу қаупі бар
Тұрғындар биліктен көмек сұрап отыр
Маңғыстауда бірнеше елді мекеннің құм көшкінінің астында қалу қаупі бар. Ақтаудан шалғай жатқан Жарма, Сазды, Сауысқан елді мекендері құмның астында қалуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
«Құм менің бала кезімде, шамамен 60 жылдай бұрын ауылдан 300 метрдей жерде еді. 1996 жылдан бастап құм көшіп бастады, соңғы кезде үдей түсті. Қора, құдық дегендерді басып қалды. Енді осы құмды тоқтату керек. Қоршау орнататын болса, шөп өсер еді», – дейді Жарма ауылының тұрғыны Игілік Өтесінов.
Табиғи апаттан зардап шегіп отырған Жарма ауылында 100-ге жуық тұрғын бар. Олар жыл сайын арнайы техника жалдап, аулаларын құмнан аршып, алысқа тасытады. Бірақ оған тұрғылықты халықтың бәрінің бірдей жағдайы жетпейді. Сондықтан жауаптылардың тезірек сексеуіл егіп, құм көшкініне тойтарыс беруін сұрайды. Осы жағдай Сауысқан, Сазды елді мекендерінде де орын алып отыр.
«Жыл басынан бастап біз төрт рет конкурс жариялаған болатынбыз. Өкінішке қарай, мердігерлер конкурсқа қатыспады. Бір апта бұрын біз бесінші рет конкурс жарияладық. 2004 жылдан бері сексеуіл егу жұмысын жүргізіп келе жатырмыз. Қазіргі уақытқа дейін Сенек, Тұщықұдық, Шебір және Ұштаған ауылдарына 3236 гектар сексеуіл ектік», – деді Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар басқармасының бөлім басшысы Ербол Денов.
Мемлекеттік сатып алу конкурсы қайта жарияланған. Егер байқауда мердігер анықталса, жыл соңына дейін үш елді мекенде – Сауысқан, Сазды, Жармада 135 гектар аумақ қоршалып, келер жылы сексеуіл егу жұмысы басталады. Жалпы осы жұмыстарға 6 жылға 408 миллион теңге қаражат қарастырылған.