Бақытгүл Хаменованың соты 3 тамызда басталады
Қазіргі уақытта оның әкімдіктегі штаттық орны сақталған
Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың соты 3 тамызда басталады. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бастапқыда іс №2 қалалық соттың судьясы Дәуренбек Даумовқа жүктелген болатын, бірақ оның жақында Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық сотының судьясы болып тағайындалуына байланысты істі басқа судья қарайды.
«Қазіргі уақытта Бақытгүл Хаменованың Атырау облысының әкімдігіндегі штаттық орны сақталған. Ол жұмыстан өз еркімен кету туралы арыз жазған жоқ», - деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Еске салсақ, былтыр желтоқсан айында Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев ұсталған болатын. Олар Абай ескерткішін орнатуға мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін 4,5 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінді.