СҚО-да учаскелік полиция инспекторы қылмыс кезінде әрекет етпеді деген күдікпен ұсталды

Автор: Эльмира Мәмбетқызы

Тергеу барысын облыс прокуратурасы жеке бақылауына алды

Солтүстік Қазақстан облысында учаскелік полиция инспекторы қылмыс жасалғанын біле тұра әрекет етпеді деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Естеріңізге сала кетсек, 11 шілде күні Жамбыл ауданы Бауман станциясында қайғылы оқиға болды. Орманға жидек теруге барған Алтынай Мұздақбаеваға оқ тиіп, ауруханаға жетпей көз жұмған болатын.

Алтынай Мұздақбаеваның қаза болуына байланысты екінші азамат қамауға алынып, тергеліп жатыр. СҚО прокуратура қызметкерлерінің мәліметше, осы қылмысты жасады деген күдікпен қаза тапқан әйелдің 65 жастағы жерлесі ұсталды. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 104-бабының 1-бөлігі «абайсызда адам өлтіру», 287-бабының 3-бөлігі «атыс қаруларын, оқ-дәріні, қару-жарақты немесе жарылғыш заттарды заңсыз алып жүру, ұстау, өткізу» бойынша айып тағылып отыр. Бұдан бөлек ҚР ҚК-тің 370-бабының 4-бөлігі «қылмыстық құқық бұзушылық жасады» деген күдік бойынша (қызмет бойынша әрекетсіздік) Жамбыл ауданы Озерное ауылының жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бұрынғы учаскелік полиция инспекторы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Күдіктінің полиция қызметкері ретінде қылмыс жасағанын, яғни абайсызда адам өлтірген азаматтың жанында бола отырып, қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі өзінің лауазымдық міндеттерінің аясына кіретін іс-әрекеттер жасамағаны анықталып отыр. Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», - делінген облыстық прокуратура таратқан хабарламада.

Облыстық полиция департаментінің Қылмыстық істер бойынша тергеу басқармасы жедел-тергеу іс-шараларын жүргізіп жатыр. Қажетті сот сараптамалары тағайындалды. Күдіктілердің іс-әрекеттері тергеу барысында түпкілікті сараланады. Тергеу барысын облыс прокуратурасы жеке бақылауына алды.