«Саясатқа қатысы жоқ»: Қазақстан «Спутник» вакцинасын өндірмейтін болды

Автор: Еркежан Айтказина

Екпе пунктерінде қалған вакцинаның көлемі − 1,6 миллион доза

Фото ашық дереккөзден

Қазақстанда ресейлік «Спутник» вакцинасын өндіру және сатып алу тоқтады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен жиында Денсаулық сақтау министрлігі Дәрі-дәрмек саясаты департаментінің директоры Бауыржан Жүсіпов айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«Қазір отандық ғалымдар ойлап тапқан QazVac вакцинасы қолданыста. Бұған дейін «Спутник» вакцинасын Қарағандыдағы зауытта өндіріске шығарған болатынбыз. Қазіргі уақытта бұл процесс тоқтады. Оған себеп, біздегі препарат көлемі жеткілікті деңгейде. Pfizer вакцинасы белгілі бір мақсатты топтарға арналады. Сол үшін бұл компаниямен келісімшарт алдағы уақытта жалғасады. Ал министрлік ресейлік «Спутник» вакцинасын сатып алуды жоспарлап отырған жоқ. Бұл геосаяси жағдайға байланысты емес екенін айта кетейін», − дейді Бауыржан Жүсіпов.

Оның сөзінше, қазіргі уақытта халықты вакцинациялау үшін екпе пунктерінде қалған вакцинаның көлемі − 1,6 миллион доза. Бұл препараттардың жарамдылық мерзімі қазан айында аяқталады. Оған дейін QazVac, Sinopharm и Pfizer қоры қайта толықтырылады.