«Рыбакинаны сатқын деді»: ресейлік журналист спортшымен сұхбаттаса алмағынын айтты

Автор: Әсел Оршыбекова

Ол ресейлік ешбір БАҚ-қа сұхбат бермейтінін мәлімдепті

Фото ашық дереккөзден

Ресейлік спорт комментаторы Софья Тартакова «Матч ТВ» телеарнасынан шыққан «Есть тема» бағдарламасының салдарынан Елена Рыбакаинамен сұхбаттаса алмағанын айтты. Бұл туралы ол Sport.ru сайтына берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Мен Рыбакинамен бұрыннан таныспын, оның әкесі «НТВ-Плюс» телеарнасының продюсері болған, біз оны (авт. Елена) теледидарлық, спорттық кештерде әрдайым көріп жүретінбіз. Әрине, біз бұл жеңісті үлкен қуанышпен қабылдадық. Өкінішке қарай, Ленамен сұхбаттаса алмадым. Ал турнир барысында онымен байланыста болдым, сұхбатқа қатысты өзара келіскен едік. Бірақ «Есть тема» бағдарламасы эфирге шығып, онда сарапшылар оны спорттық жезөкшеге теңеді. Бағдарламада дәл осылай айтылды демеймін, бірақ егер Қазақстанның өнер көрсетуіне тыйым салынса, ол тағы да азаматтыған өзгертеді дегенге келтірді. Бұлай әңгіме айту орынсыз», - деді Софья Тартакова.

Дәл осы бағдарламадан кейін журналиске телеарна Елена Рыбакинамен сұхбат жазуды тапсырған еді. Алайда Рыбакина келісімін бермеген. Алғашқыда оның командасы, кейін Ленаның өзі байланысқа шығып, соңғы болған жағдайларға байланысты ешбір БАҚ өкіліне сұхбат бермейтінін мәлімдепті.

«Оның азаматтығы мен алған атағын екіге бөліп, жан-жақты талқылай бергендіктен агенттері оған журналистермен байланысқа шықпау жөнінде кеңес берген. Меніңше, бұл біздің арнамызда шыққан бағдарламамен тікелей байланысты. Өйткені ол жерде оны Отанын сатты деп айыптады», - деді журналист.

Сондай-ақ, спорт комментаторы дәл осы «Есть тема» бағдарламасының салдарынан көптеген спортшылардың телеарнаға сұхбат бергілері келмейтінін айтып өтті.

Журналистің мәлімдемесінен кейін «Матч ТВ» телеарнасы Софья Тартакованы жұмыстан шығарғаны белгілі болды.