Қазақстан Францияның АЭС салудағы тәжірибесімен танысты
Қазақстан ел аумағында алғашқы АЭС салу үшін әлемдік жетекші компаниялардың ұсыныстарын зерделеп жатыр

Қазақстан атом энергетикасын дамыту және АЭС пайдалану бойынша Францияның тәжірибесімен танысты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 18 шілдеден бастап қазақстандық делегация АЭС салу мен пайдалану және атом энергетикасын дамыту жөніндегі Республиканың тәжірибесімен танысу үшін Францияда жүр.
Сапар шеңберінде Францияның Қаржы министрлігінде, Энергетика министрлігінде кездесулер өтті, сондай - ақ АЭС-тың Француз операторы Eléctricité de France компаниясымен келіссөздер жүргізілді.
Еуропа және Францияның Сыртқы істер министрлігі жанындағы сыртқы сауда, экономикалық тартымдылық және шетелдегі француз азаматтарының істері жөніндегі министр-делегат Оливье Бешт мырзамен жеке кездесу өтті.
«Келіссөздер шеңберінде мемлекеттік қаражатты тарту және мемлекеттік кепілдіктер беру сияқты атом жобаларын қаржыландыру модельдері, сондай-ақ жобаларға жеке инвестицияларды тарту тәжірибесі зерделенді», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ делегация «Фламанвилл» АЭС-те болды. Станция Шербур қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 23 км жердегі Ла-Манш бұғазының жағасында орналасқан.
«АЭС дамытудағы Францияның тәжірибесін әлемдегі ең кең тәжірибелердің бірі деп атауға болады, өйткені бүгінде Франция ядролық реакторлар саны бойынша әлемде (АҚШ-тан кейін) 2-ші орын алады. Бұл ретте елдегі электр энергиясының 69%-ы дәл АЭС-те өндіріледі. Сонымен қатар Франция әлемдегі ең ірі электр энергиясын таза экспорттаушы болып табылады және одан жылына 3 миллиард еуродан астам қаражат алады», - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан ел аумағында алғашқы АЭС салу үшін жетекші әлемдік компаниялардың ұсыныстарын зерделеуде. Қазіргі уақытта пайдалану тәжірибесі бар үлкен қуатты реакторлық технологиялары бар төрт жеткізушіден тұратын шорт парағы жасалды. Олардың қатарында кореялық KHNP, қытайлық CNNC, ресейлік «Росатом» және француздық EDF бар.