Қазақстанда кәсіпкерлерге арналған ақпараттық жүйе құрылады

Автор: Azattyq Rýhy

Отандық тауар өндірушілер сауда орындарын электрондық жүйе арқылы алатын болады

фото: www.gov.kz

Сауда және интеграция министрлігі Бас прокуратурамен, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, нарықтарды жаңғырту үшін заңнамалық түзетулер әзірледі, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Нормалар ҚР Парламентінің қарауында жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасына енгізілді.

Әзірленген нормаларға сәйкес, меншік иесіне сауданы ұйымдастыру үшін дербес жауапкершілік беріледі және біліктілік пен инфрақұрылымдық талаптар белгіленеді. Сонымен қатар отандық тауар өндірушілердің сауда алаңдарына бәсекелі және еркін қол жеткізуін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе құрылмақ.

Заңнамалық түзетулер Бас прокуратура жүргізген тексерулер нәтижесінде енгізіледі.

Тексеру барысында нарық иелері мен әкімшілігінің қызметі реттелмегені және сауда орындарын жалдау құны жоғары екені белгілі болды. Бұған қоса нарық әкімшілігі кәсіпкерлерді қосымша қызметтер алуға мәжбүрлеген.