КВИ эволюциясы уақытша, карантин шараларын қатаңдатуға негіз жоқ – сарапшы

Автор: Әсел Оршыбекова

Рафаиль Қыпшақбаев бүгінде КВИ жұқтырғандар туралы ақпарат көпшілікті дүрліктірмеуі тиіс екенін айтады

Коллаж: Azattyq Ruhy

Елдегі эпидемиологиялық ахуал күн сайын құбылуда. Бұл ретте қазақстандықтарды сырқаттанғандар саны емес, карантиннің шаралары қандай болатыны көбірек алаңдатады. Десе де, коронавирустың мұндай өршу көрсеткіші белгілі уақытқа дейін жалғаспақ, ал карантин шараларын қатаңдатуға негіз жоқ. Бұл туралы Caspian International School of Medicine ЖОО-ның профессоры Рафаиль Қышпақбаев айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«Бұған дейінгі эпидемиологиялық жағдайларда аймақтар жұқтырғандар санына байланысты белгіленіп отырды. Ол кезде аурудың даму кезеңі де күрделі болды. Өлім саны да аз болған жоқ. Осыны ескере келе, карантиндік шаралардың да талаптары соған сай жасалды. Ал қазіргі өңірлердің қандай аймаққа жататыны госпитализация есебі бойынша анықталып жатыр. Мәселен, егер мыңдаған адам ковид жұқтырып, алайда оның ішінде санаулы ғана науқас ауруханаға жатқызылған болса, онда локдаун енгізудің қажеті жоқ. Әрине, коронавирус ауру ғана емес, экономиканы тежейтін ахуал да екенін ұмытпауымыз керек», - деді Рафаиль Қыпшақбаев.

Сондай-ақ сарапшы КВИ жұқтырғандар туралы ақпарат бүгінде көпшілікті дүрліктірмеуі тиіс екенін айтады. Өйткені вирус белгілі уақытта ғана өршуі мүмкін.

«Ковид инфекциясының эволюциясы әдетте белгілі бір уақытқа дейін жалғасады. Мәселен ол күзгі аурулардың даму кезеңіне дейінгі немесе тұмаудың өршитін уақытын қамтуы мүмкін. Сондықтан карантин шараларын қатаңдатуға негіз жоқ. Бірақ алдағы уақытта өңірлерді түрлі аймаққа бөлу тоқтатылады деген ойдамын. Тек сақтану шаралары айтылуы мүмкін», - деді ол.

Сондай-ақ маман маска тағу мәселесіне де тоқталып өтті. Оның айтуынша, маска тағу мәселесі тек қажеттіліктен туындауы мүмкін.

«Эпидемиологиялық тұрғыдан «маска таққым келмейді немесе жалықтық» деп айту дұрыс емес. Біз күн сайын таңертең ұнаса да, ұнамаса да, тіс жуамыз ғой, сол сияқты бұл ретте де дәрігерлердің айтқанын тыңдаған жөн. Яғни, бұл - эпидемиологиялық қажеттілік. Егер маска тағу туралы шешім қабылданса, демек «қажет» деген сөз. Әрине қазір «ИВЛ аппаратына қосылды, ковидтан көз жұмды» деген сынды ақпараттар азайды. Бұл қуантарлық жағдай. Демек, коронавирустың адам өміріне қауіптілігі бұрынғыдан сейілді. Бірақ халықтың осал тобын аурудан қорғау үшін өзгелерге маска тағуға кеңес беріледі және бұл өте орынды да. Сол себепті жеке бастың ыңғайлылығынан бөлек, әлеуметтік жауапкершілік те болу керек», - деді сарапшы.