Жер тапшылығына учаскелерді игеруге мүмкіндігі жоқ адамдар себеп болып отыр
Бас прокуратура Қазақстандағы жер тапшылығына учаскелерді игеруге мүмкіндігі жоқ адамдардың себеп болып отырғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Жайылымдық учаскелерді ұтымды пайдалану және олардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері прокуратура органдарының тұрақты бақылауында. Тек соңғы 3 жылдың ішінде прокурорлар 18 млн гектар бос және 3 млн гектар заңсыз берілген жайылымдарды анықтады, олардың 5 млн гектары мемлекетке қайтарылып, 4 млн гектары айналымға тартылды», - делінген құзырлы органның баспасөз хабарламасында.
Ведомствоның жұмыс нәтижелері учаскелерді игеруге мүмкіндігі жоқ адамдар жердің жасанды тапшылығын тудыратынын көрсеткен.
«Осы себепті адал еңбек ететін фермерлер мен ауыл халқы жайылымдарды пайдалану мүмкіндігінен айырылып отыр, бұл уақыт өте келе ол жерлердің тозуына алып келеді. Бүгінде елімізде шамамен 15 млн га қоғамдық жайылымдар жетіспейтіні анықталды, бұл жеке қосалқы шаруашылықтардың мал жаюына қиындықтар туғызады», - дейді Бас прокуратура өкілдері.
Сондықтан жағдайды жақсарту үшін осы жылы Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп мемлекетке қосымша 5 млн га қайтару жоспарланып отыр.
«Жергілікті жерлердегі шаралар бойынша әкімдіктер қоғамдық жайылымдарды басқару жоспарларын бекітті. Бұл ауылдық елді мекендер маңындағы жайылымдық жерлерді жеке адамдарға беруге жол бермеуге мүмкіндік береді. Жайылымдарды беру кезіндегі бұзушылықтар және тиісті бақылаудың жоқтығы үшін прокуратура органдарының қадағалау актілері бойынша 520 лауазымды адам, оның ішінде 42 адам мемлекеттік қызметке кір келтіретін әрекеттері үшін тәртіптік жауаптылыққа тартылды», - деді ведомство өкілдері.
Бас прокуратура осы бағыттағы жұмыстар жалғаса беретінін мәлімдеді.