Алматы облысында ауылдасының жылқысын әдейі қаққан азамат ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол аудандық полиция бөліміне жеткізілді

фото: желідегі видеодан скрин

Алматы облысында ауылдасының жылқысын әдейі қаққан азамат ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Әлеуметтік желіде ер адам жол талғамайтын көлікпен жылқыны әдейі қаққаны көрсетілген видео тарады.

Белгілі болғандай Междуреченск ауылының 38 жастағы тұрғыны ауылдастарымен жанжалдасып, көлікпен жылқыны қасақана басып кеткен. Ер адамның айтуынша бұл оқиға бақшасында жайылып жүрген 20-ға жуық жылқыны шығаруға тырысқанда болған.

«Бұл дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 316-бабы «Жануарларға қатыгездікпен қарау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық процестің үш буынды моделі аясында прокуратурамен келісе отырып, ұсталған адамға келуге міндеттеу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды», - деді Алматы облысы ПД баспасөз қызметі өкілі.