Жамбыл облысында жаңадан салынған су каналы қирап қалды

Автор: Azattyq Rýhy

1 млрд 800 мың теңге жұмсалған жоба сапасыз болып шыққан

фото: видеодан скрин

Жамбыл облысында жаңадан салынған су каналы қирап қалды. Арықты жағалай егін еккен шаруалар алқабымыз қурап жатыр деп дабыл қағуда. Бұл туралы Azattyq Ruhy astanatv- ға сілтеме жасап хабарлайды.

«Райыс» каналын жөндеу үшін осыдан 3 жыл бұрын 2 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Диқандардың айтуынша, сол кезде бұрынғы 4 метр болған ені 2 метрге қысқарыпты.

«Жоба дұрыс емес. Уклон жоқ төбеге қарай. Су көлкиді. Көлкігеннен кейін екі жағына тасиды. Тасығаннан кейін науа құлайды әрине», - дейді диқан Нұрғазы Омарқұлов.  

Диқандар шу шығарган жерге аудан әкімі келді. Ол да канал құрылысындағы кемшіліктерге наразы.

«Ал енді сол 1 млрд 800 мың теңгеге сапалы, біз 50 жыл пайдаланатындай етіп жасау керекпіз ғой. Өткен 20 жылы бұл жұмыс біту керек еді, біткен жоқ. Биыл 21 жылы да аяқталған жоқ. Кемшіліктер шығып жатыр жоба бойынша», - дейді Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы

Ал мердігер арықтың бір жақ қабырғасының опырылуын сапасыз құрлыстан емес, суда өсетін шөп балдырмен байланыстырады.

«Есептеу бойынша 2 метр бір де жарым суды жібереді. Есептеу жасаған кезде балдыр өсетінін бізге ешкім айтпады, осындай болатынын. Сол балдыр өсіп суға кедергі жасап жатыр», - дейді серіктестіктің техникалық директоры Асанхан Мамажанов.

 Барлық былықты балдырға жапқан жауапты мердігер кеткен кемшіліктерді сәуір айына дейін жөндейміз дейді. Ал шаруалар оған дейін еткен еңбегіміз, төккен теріміз босқа кететін болды деп шырылдайды.