Алакөлдегі өртке кінәлі адамға материалдық залалды өтеу жүктеледі
Қазіргі кезде полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу іс-шараларын жүргізіп жатыр

Маусым айында Алакөлде бірден 4 демалыс базасы отқа оранды. Өрт аумағы 3000 шаршы метрді құрады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР ТЖМ өртке қарсы жағдай комитеті төрағасының орынбасары Дмитрий Титов өрттің тез таралуына және алаңның ұлғаюына жел, ауа райы және ағаштан салынған үйлердің тығыз орналасуы ықпал еткенін мәлімдеді.
«Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері 2 минутта жеткен. Одан әрі жақын жердегі бөлімшелерден, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардан қосымша автомобильдер тарту есебінен күштер мен құралдар саны артты», - деді ТЖМ өкілі.
Ол полиция қызметкерлері қылмыстық іс қозғап, тергеу іс-шараларын жүргізіп жатқанын айтты. Тергеуге өрт сөндіру зертханасы тартылды. Барлық қажетті жұмыстар жүргізілді. Егер кінәлі адам анықталса, тиісінше, оған үйлердің иелеріне келтірген материалдық залалды өтеу жүктеледі.
«Ресми түрде зардап шеккендер тіркелген жоқ. Жақын маңдағы медициналық мекемеге жүгінген азаматтар болды, бірақ бұл көбінесе шок алу жағдайымен байланысты болды. Қажетті көмек көрсетілді», - деп жауап берді спикер.