Сонымен қатар Қазақстан мен Сербия кәсіпорындары 82 және 120 мм калибрлі зымыран-артиллериялық оқ-дәрілер мен минометтерді бірлесіп өндірмек
«Қазақстан Инжиниринг» ҰК» АҚ Сербияның «YUGOIMPORT-SDPR» компаниясымен өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Келісімге орай отандық ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттары аталған мемлекеттің нарығына шығарылады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Сондай-ақ келісім елдер арасындағы әскери техникалық құралдарды бірлесе өндіру бойынша бірқатар уағдаластықтарды қамтиды. Оның ішінде заманауи әскери қару-жарақ түрлерін шығару, қорғаныс-өнеркәсіп кешені саласындағы ең жаңа әлемдік стандарттар мен практикаларды енгізу көзделген.
Басқосуға ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, ұлттық және шетелдік компания өкілдері, сондай-ақ жауапты ұйым басшылары қатысты.
«Қазақстандық өнімнің әлемдік нарыққа шығуы бізге үлкен мүмкіндік береді. Сонымен қатар сұраныстың болуы – қазақстандық өнімнің шетелдік өндірушілермен бәсекеге түсе алатындығының айқын көрсеткіші деп санаймын. Алдағы уақытта осы тараптағы әріптестігімізді арттыра түсетін боламыз», – деп атап өтті ҚР ИИДМ басшысы.
«Қазақстан Инжиниринг» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Теміржан Әбдірахмановтың айтуынша, алдағы уақытта Қазақстан мен Сербия кәсіпорындары 82 және 120 мм калибрлі зымыран-артиллериялық оқ-дәрілер мен минометтерді бірлесіп өндірмек.
«Біздің компания үшін бұл дамудың маңызды кезеңі. Шетелдік нарықтарға шығу – бұл бізге өзімізді танытуға, өндірісті кеңейтуге, басқа елдердің сатып алу әлеуетін пайдалануға және саланы дамытуға мүмкіндік береді», – деді Т. Әбдірахманов.