Қарағанды облысында автобус мен жүк көлігі соқтығысып, 8 адам қаза тапты
Жарақат алған 9 жолаушы ауруханаға жатқызылды
Қарағанды облысының Шет ауданында Алматы – Екатеринбург тас жолы бойында MAN жүк көлігі мен Mercedes Sprinter жолаушылар микроавтобусы соқтығысып, 8 адам көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Жол апаты 16 шілдеде сағат 03:20 шамасында орын алды.
«Оқиға орнында жеті адам қаза тапты, тағы бір жолаушы ауруханаға барар жолда көз жұмды. Әртүрлі дене жарақатын алған тағы тоғыз адам ауруханаға жеткізілді», - деп көрсетті Қарағанды облысы полиция департаменті.
Шағын автобус Алматыдан Қарағандыға бағыт алған. Алдын ала мәліметтер бойынша, микроавтобустың жүргізушісі ұйықтап кетуі жол апатына себеп болуы мүмкін.
Аталған факт полицияда тіркеліп, тиісті сараптамалар тағайындалды, олардың нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады.