Алты өңірде 5,3 млрд тг бюджет ақшасы ысырап болған - прокуратура

Автор: Azattyq Rýhy

Бүгін Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Президент жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті.

Фото: ашық дерек көзінен

Өңірлерде Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру барысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және ауыз сумен қамтамасыз ету салаларында сыбайлас жемқорлыққа қатысты жоғары тәуекелдер бар екені анықталды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. 

«Атап айтқанда, прокуратура органдары еліміздің алты өңірі бойынша қаржы жымқыру және мақсатсыз жұмсау фактілері бойынша жалпы сомасы 5,3 млрд. теңгені құрайтын мемлекеттік қаражаттың ысырап болғанын анықтаған, одан мемлекетке 730 млн. теңге көлемінде зардап келген. Осы фактілер бойынша 7 сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталып, 267 млн. теңге қайтарылған»,- делінген хабарламада.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2017 жылдан бастап сыбайлас жемқорлық бойынша 145 қылмысты анықтады, қылмыс жасағаны үшін 78 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 59-ы сотталды. Мемлекетке келтірген 931,9 млн. теңге зардап сомасының 907,6 млн. теңгесі қайтарылды. 

Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті 10 лауазымды тұлғаны құқық бұзушылық бойынша әкімшілік жауапкершілікке, 22 тұлғаны тәртіптік жауапкершілікке тартты. Процесстік шешім қабылдау мақсатында құқық қорғау органдарына жалпы сомасы 5,7 млрд. теңгені құрайтын  24 іс жіберілді.

2019 жылы камералық бақылау жалпы сомасы 42,8 млрд. теңгені құрайтын мемлекеттік сатып алудың 45 процедурасын қамтып, жалпы сомасы 39,1 млрд. теңгені құрайтын 42 процедура бойынша мемлекеттік сатып алу заңдылығын бұзу жағдайлары анықталған.  

Комиссия отырысының қорытындысы бойынша Мемлекеттік хатшы құқық бұзушылыққа жол берген себептерді жоюға және олардың алдын алуға бағытталған нақты шараларды қабылдауды тапсырды. Мемлекетке тигізген зардапты өтеу мәселесіне де ерекше назар аударды.