Алдағы уақытта алтын өндіретін «Фаза-2» фабрикасы іске қосылмақ
Қазақстанда алтын өндіру көлемі 13 процентке артпақ. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрліктің хабарлауынша, алдағы уақытта алтын өндіретін «Фаза-2» фабрикасы іске қосылады.
«Аталған кәсіпорын алтын рудаларын қайта өңдеуді жылына 1,2 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік бермек. Сәйкесінше, жылына алтын өндірісінің көлемі 13 пайызға артады», – делінген министрлік хабарламасында.
Бұдан бөлек, отандық «RG Gold» алтын өндіру компаниясы жылына 5 млн тонна руда өндіруге қауқарлы жаңа тау-кен кешенін ашпақ.
«Қазіргі таңда аталған кешенге құрал-жабдықтарды орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кешен биыл күзде пайдалануға беріледі деген жоспар бар», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Ведомство ақпаратына қарағанда, «RG Gold» компаниясы Райгородок ауылындағы тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді. Кәсіпорынға қажетті мамандар мен жұмысшыларды аталған елді мекеннен тарту көзделген.
Сонымен қатар министрлік биылғы жарты жылдағы өңдеу өнеркәсібі саласының даму қарқынын баяндады. Оған сәйкес, 6 айда түсті металлургия өндірісінің көлемі 7,6 пайызға артқан. Оның ішінде рафинатталған мыс, алтын құймалары, күміс түйіршіктері, тазартылған алтын мен күміс, рафинатталған қорғасын және катодты мыс өндіру көлемі өскен.