Қазақстандағы киік популяциясы ареалындағы экожүйелерді кешенді бағалау бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу қажет
Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы 14 шілдедегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасына сәйкес, Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің төрағалығымен киіктердің популяциясын басқарудың жаңа тәсілдерін қарау мәселесі бойынша кеңес жиыны өтті. Оған ғылыми ұйым мүшелері, мүдделі мемлекеттік органдар, сондай-ақ аңшылардың қоғамдық бірлестіктері қауымдастықтары қатысты. Бұл туралы аталған ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Зоология институты мен Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының өкілдері әр популяцияның оңтайлы санын анықтау, тиімді мониторинг және тұрақты басқару үшін Қазақстандағы киік популяциясы ареалындағы экожүйелерді кешенді бағалау бойынша терең ғылыми зерттеулер жүргізу қажеттілігі туралы ұсыныс айтты. Киікті сақтау тұрғысынан, оны қорғай отырып, орынды пайдалану кезінде киік таралымының барынша мүмкін болатын мөлшерін ұстап тұру неғұрлым орынды болады.
Мұндай популяцияны басқару мұқият дайындықты қажет етеді. Аталмыш жұмыс басталып кетті және Министрлікпен, барлық мүдделі тараптардың бақылауымен, жұртшылықты хабардар ете отырып жүргізілетін болады.
Сондай-ақ, жиында Серікқали Брекешев Ауыл шаруашылығы министрлігіне жабайы аңдармен келтірілген зиянды есептеу әдістемесін әзірлеу және фермерлерге келтірілген залалды өтеу мәселелерін қарау қажет екенін атап өтті.