Үкіметтің кеңейтілген отырысын жапқан Президент министрлер кабинетінің жұмысын «орташа» бағалады
Күзге қарай Қазақстанда бірқатар кадрлық шешімдер қабылдануы мүмкін. Бұл туралы бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысын жаба отырып Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Жалпы, Үкіметтің жұмысына орташа деген баға беруге болады. Үкімет табандылық танытуға тырысуда. Бірақ қазіргі кезеңде босаңсуға болмайды. Жұмыс қарқынын барынша күшейту қажет. Жаңа, тың әдіс-тәсілдерді қолдану керек. Үкімет жедел әрекет ететін оперативтік штаб қана емес, нақты реформаларды ұсынатын және жүргізетін басты мемлекеттік мекеме болуы керек», - деді Тоқаев шенеуніктерге қарата айтқан сөзінде.
Осылай дей отыра Тоқаев Қазақстанда осы министрлерден басқа дарынды, білімді экономистер мен кәсіпкерлер көп екенін, бірақ олар өз дарынын пайдалана отырып, ұсыныс айтпайтынын сынға алды.
«Қазақстанда экономистер, кәсіпкерлер көп. Шетінен білімді, дарынды. Бірақ олардың нақты ұсыныстары аз, тіпті жоқ деп айтуға болады. Күзге қарай, мүмкін кадрлық шешімдер қабылдау керек болады. Ерекше дағдарыс жағдайында бұл өте қажет екені түсінікті», - деді Тоқаев.
Айта кетейік, бүгін Президент үш министрге, атап айтсақ, Сауда және интеграциялар министрі Бақыт Сұлтановқа, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке және Экология министрі Серікқали Брекешевке сөгіс жариялады.