ДДСҰ барлық елді маска тағу режимін енгізуге шақырды

Автор: Azattyq Rýhy

Соңғы екі аптада әлемде коронавирус жұқтырған науқастар саны 30 пайызға өскен

Фото: Zakon.kz

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Теодор Адханом Гебрейесус әлем үкіметтерін маска тағу режиміне қайта оралуға шақырды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Гебрейесус үндеу жасап, коронавирус инфекциясының көбейгенін және науқастардың ауруханаға көптеп түсіп жатқанын айтты.

«Мен COVID-19 жұқтырғандардың саны артып, денсаулық сақтау жүйелері мен медицина мамандарына қосымша күш түсіп жатқанына алаңдаймын. Мені өлім-жітімнің қайта көбейіп жатқаны да алаңдатады», – деді ДДСҰ басшысы.

Ол коронавирустың таралу қаупін қабылдауда ғылыми қауымдастықтың, саяси көшбасшылар мен жұртшылықтың арасында «үлкен алшақтық бар» екенін атап өтті.

6 шілдеде өткен брифингте Гебрейесус соңғы екі аптада әлемде коронавирустың «омикрон» штамының жаңа түрлерінің таралуына байланысты науқастар саны 30 пайызға өскенін айтты.