Атырау облысында жүк пойызы мен жеңіл көлік соқтығысып, бір адам қаза тапты

Автор: Azattyq Rýhy

Жеңіл көлік жүргізушісі жарақат алған

Атырау облысы ТЖД

Атырау облысында жүк пойызы мен жеңіл көлік соқтығысты. Оқиға орнында бір адам мерт болды. Бұл туралы облыстық ТЖД қоғаммен байланыс тобы мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Департамент мәліметінше, қайғылы оқиға бүгін, 13 шілдеде болған. Бұл туралы Атырау облысының Мақат ауданындағы №8 өрт сөндіру бөлімінің байланыс бекетіне жергілікті уақытпен сағат 11:45-те хабар түскен. Мақат кентінен 20 шақырым қашықтықта темір жол өткелінен өтпек болған «Lada Granta» жеңіл автокөлігі жүк пойызының тепловозына соқтығысып қалған.

 «Соқтығысудың салдарынан жеңіл көліктің 1999 жылғы жүргізушісінің жарақат алғаны анықталды. Ал көлікте болған 54 жастағы жолаушы оқиға орнында көз жұмды», - делінген хабарламада.

Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері «Холматро» арнайы құралы арқылы мерт болған адамның денесін шығару жұмыстарын жүргізді. Жүк пойызының тіркемесінде құрылыс материалдары тиелген 66 жүк вагоны болған.