$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жастар – еліміздің бүгінгі көңіл-күйінің айнасы – Д.Қыдырәлі

 Форум қонағы съезде жастарды жасампаз болуға шақырды

Жастар – еліміздің бүгінгі көңіл-күйінің айнасы – Д.Қыдырәлі
Әли Ғалым

«AMANAT» партиясы «Жастар Рухының» кезектен тыс VI Съезі аясында «Jas Talks» ашық диалог алаңының жұмысы жалғасып жатыр. Съездің үшінші күні партияның Саяси кеңесі Бюросының мүшесі, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Бас директоры Дархан Қыдырәлі жастармен жүздесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кездесу барысында Дархан Қыдырәлі қатысушылардың сұрағына жауап беріп, форум жұмысы жастарға асқақ рух, жаңа жігер сыйлайтынына сенім білдірді.  

Ол Жаңа Қазақстанды құру ісі осындай жаңа форматтағы жүздесулерден, жаңаша ойлайтын жастардан, орамды ойталқыдан басталатынын жеткізді.

«Қазақстанның әр тарапынан келген жастар еліміздің бүгінгі көңіл-күйінің айнасы. Қаңтарда «Буырқанған бұла буын» деген мақала жазып едім. Сіздер сол буырқанған буынсыздар. Кезінде Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» деді. Кейін Қасым Аманжолов «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ?!» деп тамсанды. Сіздерді Мағжан айтқан, Қасым айтқан рухты жастарсыздар деп білемін», – деді ол.

Сонымен қатар, форум қонағы бүгінгі ұрпақтың жетістіктеріне тоқталып, жастарды жасампаз болуға шақырды. Ұлттық код, бірлік, ынтымақ, ұйысу, ұғымдары туралы ой бөлісті.

«Жастарымыз қай жарыстарда да маңдайы жарқырап көш басында  келеді. Додаға түссе дес бермейді. Бауыр-қарындастарымыз ақыл-ойының, тау қопарар талабының арқасында дүниежүзіндегі ең беделді жоғары оқу орындарда білім алып жатыр. Міне, бүгінгі жастарымыз осындай. Ал жас буын жемісті жетістіктерге жетуі үшін нақты іске, идеяға табан тіреуі тиіс. Мұндай жүздесулер ойласу, пікір бөлісу үшін қажет. «Жастар Рухы» Жаңа Қазақстанға жаңа серпін береді деп сенемін», – деп атап өтті Дархан Қыдырәлі. 

Өз кезегінде, Съезге қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарды қойып, ұсынысын да жеткізді. Ел тарихына, тарихи тұлғалардың жүріп өткен жолына, тағдырына қатысты сауалдарын жолдады.

Естеріңізге сала кетейік, Ақмола облысының Зеренді ауылында «Жастар Рухының» кезектен тыс VI Съезі өтіп жатыр. Онда еліміздің барлық өңірінен 350-ден астам делегат пен қатысушы бас қосты.

Серіктес жаңалықтары