Күдікті қолға түсті
Мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана алмақ болған өскемендік 2,5 млн теңгесінен айырылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Маусым айының соңында Өскемен қалалық ПБ Үлбі ПБ “102” жедел арнасына облыс орталығының 35 жастағы тұрғыны жүгінді. Ол бір жыл ішінде бейтаныс жігіт мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер сатып алу үшін несие рәсімдеуге көмек көрсетемін деген сылтаумен оның 2,5 млн теңге сомасындағы ақшалай қаражатын алдап алғанын хабарлады.
Жедел іс-шаралар барысында криминалдық полиция қызметкерлері алаяқтық жасаған күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады. Ол бұрын сотталған 25 жастағы қала тұрғыны болып шықты.
Ұсталған адамға қатысты келу туралы міндеттеме түрінде процестік мәжбүрлеу шарасы таңдалды.
Аталған фактіге сәйкес ҚР ҚК 190-бабының 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.