Қазақ палуаны Моңғолияның жоғары дәрежелі «мемлекеттік піл» атағын жеңіп алды

Автор: Azattyq Rýhy

Серік Бердімұратұлы 1994 жылы туған

Моңғолияның ұлттық мерекесіне орай ұйымдастырылған күрес сайысында Баян-Өлгий аймағының тумасы Серік Бердімұратұлы мемлекеттік піл дәрежелі палуан атағына ие болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Kaznews.mn порталының жазуынша, Серік Бердімұратұлы жасыл алаңда Э.Сумьяабат (6 кезең), Ц.Төмөрцоож (5 кезең), П.Даваадорж (4 кезең), Ш.Чинтулга (3 кезең), Б.Өлзийсайхан (2 кезең), Э.Дашзэвэг (1 кезең) қатарлы палуандарды айқын басымдықпен ұтты. 

8 кезеңде мемлекеттік аварга (қаз. чемпион) дәрежелі палуан Намсрайжав Батсуурьдан ұтылып қалды.

Айта кетсек, Серік Бердімұратұлы 1994 жылы туған. Салмағы 110 келі. 2011 жылы аймақтық піл дәрежелі палуан, 2013 жылы аймақтық арыстан дәрежелі палуан, 2017 жылы мемлекеттік лашын дәрежелі палуан атанған болатын.