Қажетті тергеу шаралары қолға алынды
Алматыдағы қонақүйлердің бірінде 4 бала химиялық заттан уланып, ауруханаға түсті. Аталған дерекке қатысты Алматы полициясы қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
"Аталған дерек Қазақстан Қылмыстық кодексінің 306-бабы бойынша Медеу аудандық полиция басқармасында тіркелді. Қажетті тергеу шаралары жүргізіліп, нәтижесінде мән-жай анықталып, процессуалдық шешім қабылданады", - деді Алматы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек.
Қылмыстық кодекстің 306-бабы (Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау немесе қызметтер көрсету) бойынша қарастырылған ең ауыр жаза – бес жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Бұған дейін қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі: «2022 жылдың 11 шілдесінде химиялық улану белгілерімен 4 бала Шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жатқызылды. Олар орталықтың токсикология бөлімінде ем қабылдап жатыр», - деп хабарлаған болатын.