Өркениеттен тыс қалған: Петропавл тұрғындары жаңа үйлеріне қоныстана алмай жүр

Автор: Эльмира Мәмбетқызы

Мемлекеттік бағдарламамен салынған көпқабатты үйлерде жарық, су және кәріз жүйесі жоқ

Фото ашық дереккөзден

Өркениеттен тыс қалған... Петропавлда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған көпқабатты үйлерде жарық, су және кәріз жүйесі жоқ. Құрылысы былтыр аяқталған баспаналар әлі күнге бос тұр. Жылдар бойы әкімдікте кезекте тұрған азаматтар жаңа пәтерлерді рәсімдей алмай жүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. 

КӨПШІЛІК ПӘТЕРІН РӘСІМДЕЙ АЛМАЙ ЖҮР

Облыс орталығында құрылысы аяқталса да бірнеше айдан бері бос тұрған үйлер бар. Оған баспаналарға инженерлік желілердің  тартылмауы себеп. Сондай үйлердің бірі – «Жас өркен» ауданында орналасқан Парфирьев көшесіндегі 60-шы үй. Құрылысы өткен жылдың күзінде аяқталған. «Отбасы банкі» желтоқсан айында байқау жариялап, 72 пәтердің жаңа иелері де анықталып қойған. Бірақ ешқайсысы көптен күткен пәтерін рәсімдей алмай жүр. Тіпті банкте төлем қабілеттілігін растаған емес.

«Бұл мәселені шеше алмай құзырлы органдардың табалдырығын күнде тоздырып жүргенімізге 2 айдан асты. Байқауға қатысушылар арасынан өзіміз арнайы топ құрдық. Анықтағанымыз, «Мөлдір» атты компания үйге жылу трассасын тартуы керек. Ал елордалық кәсіпорын үйдің маңын абаттандыру жұмысын ұтып алған. Алайда  ешқандай жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Солардың кесірінен баспанамызды ала алмай жүрміз. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қабылдауына бардық. Проблеманы айтып, тілшілерді шақырамыз дегенде жұмыс жанданғандай болды. Бірақ әкелінген құбырлар әлі күнге сол күйі жатыр», – дейді Петропавл қаласының тұрғыны Атлан Сембаев.

Құрылыс алаңы тып-тыныш. Есіктер құлыптаулы. Күзетші маңайға ешкімді жолатпайды. Жаңа үйге іргелес тағы бірнеше баспананың құрылысы жүріп жатыр.

«Қала әкімінің міндетін атқарушы Жанболат Батырбековпен кездестік. Ештеңе шеше алмады. Бұл үйді қалалық құрылыс бөлімі былтыр қазан айында қабылдап алған. Міне содан бері 9 айдан асып барады. Жақында бір жыл болады. Бізге берілетін кепілдік мерзімі жай өтіп жатыр. Қыста тұрып көрмесең, үйде қандай олқылық барын қалай білеміз? Сосын оны өз қалтамыздан ақша шығарып жөндеуге мәжбүр боламыз. Бұны ешкім ескермейтіні анық. Әкімдік кепілдік мерзімі өтіп кетсе де үйден ақау шықса, құрылыс компаниясы  жөндейтінін айтты. Ал компанияның сол уақытта жұмыс істеп тұратынына кім кепіл», – дейді Атлан Сембаев.

Үй маңы әлі абаттандырылмаған, инженерлік коммуникациялар атымен жоқ. Бұл үйдегі пәтерлер баспана кезегінде тұрған азаматтарға арналған. «Отбасы банкі» арқылы байқау жарияланып, болашақ иелері анықталып та қойған. Енді олар төлем қабілеттілігін растап, ипотекалық несие рәсімдеуі тиіс. 72 отбасы нысанның тапсырылар күнін тағатсыздана күтіп жүр. Солардың бірі – Гүлнұр Өтесбаева. «Отбасы банктен» шот ашып, 5 жыл бойы ақша жинаған. Қазір ол отбасымен бірге пәтер жалдауға мәжбүр.

«ӘКІМДІК «КҮТІҢІЗДЕР» ДЕП ШЫҒАРЫП САЛАДЫ...»

«Ешқандай жұмыс істеліп жатқан жоқ. Маңайда арам шөп қаулап өсіп  тұр. Әкімдікке талай бардық. «Күтіңіздер» деп шығарып салады. Сенгіміз-ақ келеді. Бірақ сенім жоқ. Екі балам бар. Отбасымызбен үйдің тапсырылар күнін күтіп жүрміз. Пәтер жалдау оңай емес. Қаншама ақша жай кетеді. Тіпті біздің алатын ипотеканың ай сайынғы төлемінен екі есе көп деуге болады. Оның өзін біреуге беріп жатырмыз. Үйімізді алсақ, өз қарызымызды жаба беретін едік. Әкімдіктегілер қыркүйек айында деп уәде етті. Енді содан кешеуілдеп кетпесе болды. Қыста көшетін болсақ, тіпті қиын. Үйлер дым тартып, терезелер суланатын болады», – дейді Гүлнұр Өтесбаева.

Сания Сатыбалдина 15 жыл үй кезегінде тұрғанын айтады. Көп күтіп баспанаға енді қолым жетті-ау деген кезде нысанды тапсыру уақыты тағы да кешеуілдеп кеткенін айтады.

«Күте-күте шаршадық. Біздің мәселеге ешкім құлақ асып жатқан жоқ. Сабылып, үй жалдап жүрміз. Оның арзан емес екенін бәрі біледі. Үйдің кепілдік мерзімі өтіп жатыр. Оған ешкім назар аудармайды. Әкімдік жуырда ғана банкке актіні апарып тапсырған. Енді 25 шілдеден бастап қана төлем қабілеттілігін растаймыз. Одан өткендер несие рәсімдейді. Бұның бәріне тағы ды уақыт керек», - дейді ол.

14 МЫҢ АДАМ БАСПАНА КЕЗЕГІНДЕ ТҰР

Горький және Уәлиханов көшесінде салынған бірнеше үй осындай күйде.  Петропавл қалалық әкімдігі өкілдерінің айтуынша, оларға инженерлік желі тарту жұмысы бөлек жоба ретінде жүзеге асырылады.

Бұл үйге инженерлік желі тарту жұмысы бөлек жоба ретінде жүзеге асырылады. Оған республикалық қазынадан 32,7 млн теңге бөлінді. Сараптамаға сәйкес құрылыс мерзімі 1 айға жалғасады. Алайда бүгінгі күні ол жұмысты бастау мүмкін болмай отыр. Себебі бұл нысанға комуникация көршілес 144 пәтерлік үйден тартылады. Ал ол жоба жүзеге асырылу үстінде. Инженерлік желі тартуға арналған қаржы шілде айында бөлінеді. Жұмыс тамыз айында аяқталмақ. Осыдан кейін кезек 72 пәтерлік үйге келеді.

Жыл соңына дейін Петропавлда 34 бюджеттік баспана салу жоспарланған. Оған 8500 адам қоныстанбақ. 14 мың адам пәтер кезегінде тұр.