Ресейде Қазақстан паспортын қанша уақытта алуға болады

Автор: Azattyq Rýhy

Ресейде тұрып жатқан қазақстандықтар құжатын ҚР консулдық мекемелері арқылы рәсімдей алады

Фото: gov.kz

Ресейде жүрген Қазақстан азаматтарына паспорт дайындау мерзімі 30 күнге дейін қысқартылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, 2022 жылдың 10 шілдесінен бастап Ресей аумағында «ҚР шегінен тыс жерлерде тұратын ҚР азаматтарына паспорттарды рәсімдеу» бойынша мемлекеттік қызметті электрондық форматқа көшіру бойынша «пилоттық жобасы» басталды.

«Аталған жоба Ресейде тұрып жатқан қазақстандық азаматтарға Қазан, Омбы, Санкт-Петербург және Астрахан қалаларындағы ҚР консулдық мекемелері арқылы паспортты 80 күннің орнына 30 күн ішінде ресімдеуге мүмкіндік береді», - делінген ведомство хабарламасында.

Бүгінгі таңда электрондық құжаттандыру жүйесі Қазақстанның БАӘ (Әбу-Даби, Дубай қалалары), Германия (Берлин, Майндағы Франкфурт, Мюнхен, Ганновер қалалары), Корея Республикасы(Сеул қ.), Ресей (Мәскеу қ.), АҚШ (Вашингтон, Нью-Йорк, Сан-Франциско қалалары), Өзбекстан (Ташкент қ.), Жапония (Токио қ.) мен Түркиядағы (Анкара, Ыстанбұл, Анталья қалалары) шетелдік мекемелерінде сәтті жұмыс істейді.