Уимблдон-2022 чемпионы 12 шілдеде Нұр-Сұлтанға келіп, бірқатар кездесу өткізбек
Теннисші Елена Рыбакинаға Уимблдонда жеңіске жеткені үшін мемлекет сыйақы төлемейді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Теннисшіге неліктен ақшалай сыйақы төленбейтінін Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт комитеті түсіндірді.
«Халықаралық жарыстардың чемпиондарын, жүлдегерлерін, сондай-ақ жаттықтырушыларды ақшалай ынталандыру ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 28 наурыздағы №152 қаулысы негізінде жүзеге асырылады. Бұл құжатта Уимблдон турниріне ақы төлеу қарастырылмаған, тиісінше, республикалық бюджеттен ақшалай төлемдер жоспарланбайды», - деді ведомстводан.
Айта кетерлігі, ел тарихында тұңғыш рет Уимблдон турнирінің жеңімпазы атанған 23 жастағы спортшы турнирдің жүлде қорынан екі миллион фунт – 1 миллиард теңгеден астам ақша алады.
Сондай-ақ Уимблдон-2022 чемпионы 12 шілдеде Нұр-Сұлтанға келетіні және елордада бірқатар кездесу өткізетіні белгілі болды.
Қазақстан теннис федерациясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, Елена Рыбакина елордада журналистерге баспасөз мәслихатын өткізіп, жас спортшылармен және жанкүйерлермен кездеседі деп жоспарланып отыр.
«Қымбатты қазақстандықтар! Мен үйге қайтамын. Сіздер мен үшін жеңісті болған Уимблдонда маған қызу қолдау көрсеттіңіздер. Мен оны айрықша сездім. Алғыс айтамын. Біз тарихқа бірге ендік, бұл – керемет! Өзім әлі де сене алар емеспін», - деді Рыбакина.