Астанада әйел адам ашық пәтерден ақша мен алтын салынған сөмкені ұрлап кетті

Автор: Azattyq Rýhy

«Ұрлық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде

Фото ашық дереккөзден

Сарыарқа ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде 32 жастағы ұрлық жасаған күдіктіні ұстады. Бұл туралы Azattyq Ruhy қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Тергеу барысында күдікті әйелдің Алтынсарин көшесіндегі тұрғын үй кешенінің кіреберісіне кіріп, әрбір есікті тартып көріп, ашық-жабық екенін тексергені анықталды. Пәтерлердің бірі ашық екенін байқаған ол, сол сәтті пайдаланып, үйге кіріп, «Karl Lagerfeld» фирмасының әйелдерге арналған сөмкесін ұрлап, қылмыс орнынан қашып кеткен. Сөмкенің ішінде 100 АҚШ доллары, 80 000 теңге сомасындағы ақша қаражаты және алтын бұйымдар болған. Жалпы материалдық шығын 620 000 теңгені құрады.

«Аталған фактіге байланысты «ұрлық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті өз кінәсін мойындап, заттай дәлелдемелер алынды, елорда аумағында бұрын жасалған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.

Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті азаматтарға сақ болуды, үйдің есігін ашық және бағалы заттарды қараусыз қалдырмауды ескертеді», - делінген хабарламада.