Қарағанды облысында жол апатына ұшырап, суға батқан көліктегі екі адам көз жұмды

Автор: Azattyq Rýhy

Факт полицияда тіркеліп, тиісті сараптама тағайындалды

Фото ашық дереккөзден

Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында жеңіл автокөлік жолдан ұшып кетіп, суға құлады. Салдарынан екі адам қаза тапты. Бұл туралы облыстық ПД баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жол апаты 9 шілде күні сағат 18.15 шамасында «Қарағанды-Қарқаралы» автожолының 34-ші шақырымында болған. «Ауди 80» автокөлігінің 56 жастағы жүргізушісі рульді басқара алмай, көлік жол шетіне шығып кетіп, суға батқан.

 «Жол апаты салдарынан 70 және 56 жастағы жолаушылар оқиға орнында көз жұмды. Көлік жүргізушісі медициналық мекемеге жеткізілді. Факт полицияда тіркеліп, тиісті сараптама тағайындалды, оның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады», - делінген хабарламада.

Айта кету керек, өтіп бара жатқан жүргізушілер жолаушыларды құтқаруға тырысқан. Арқанның көмегімен бірнеше адам көлікті судан шығаруға әрекет еткен. Алайда екі жолаушыны құтқару мүмкін болмады.