Елордадағы «Шығыс» тұрғын үй кешенінің жыры әлі бітпей тұр

Автор: Azattyq Rýhy

800-ден астам тұрғын 10 жылдан астам уақыт бойы тиісті құжатты ала алмай келеді

Фото ашық дереккөзден

Елордадағы «Шығыс» тұрғын үй кешенінің жыры әлі бітпей тұр. Тұрғындар шағымы жауаптыларға жеткенімен, мәселе түбегейлі шешілер емес. Бұл жолы да тиісті жұмыстар белгіленген уақытта орындалған жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

 Шығыс тұрғын үй кешенінің құрылысына қаражат құйып, он жылдан астам уақыт бойы тиісті құжатты ала алмай келе жатқан 800-ден астам тұрғын бар. Осы уақыт ішінде олар көптеген құзырлы мекемелердің табалдырығын тоздырған. Талай кездесу өткізді. Алайда не құрылысы аяқталмаған, не құжаты толықтай рәсімделіп бітпеген үйге қолдары әлі жетер емес.

 «Құрылыс жұмыстары дұрыс жасалмаған. үй алқам-салқам салынған. Кіреберістен бастам кемшіліктер көп. Желдету жұмыс істемейді, темір есіктерге жапқыштар орнатылмаған. Одан бөлек ойын алаңдары да толық аяқталмаған. Балалар үшін өте қауіпті», - дейді қала тұрғыны Райкүл Нәбиева.

 Он жылдан астам уақыт деп бекер айтқан жоқпыз. Себебі жауаптылар «құрылысты да аяқтаймыз, құжатты да береміз» деп, уәдені үйіп төккен. Осылай мерзімді бірнеше рет кейінге шегеріп келген. Бұл жолы да солай болды. Әуелі наразы тұрғындарды жыр болған үйдің барлық жұмысы 30 маусымда бітеді деп сендірген әкімдік өкілдері бұл жолы да уәделі уақыттың жылжығанын айтты. 

 «Құрылыс монтаждау жұмысы толық бітпей, бұл жұмысты толық атқаруға мүмкіндік болмады. Мына мердігер анықталғаннан кейін толық жұмыстар толық жүргізілгеннен кейін қазіргі кезде осы тіркеуге құжаттар әзірленіп, ХҚО-ға тапсырылды. Бұл процедуралар 1 ай уақыт алады.  Шілденің соңына дейін әр тұрғынның пәтері заңдастырылады», - қала әкімінің орынбасары Есет Бәйкен.

Тұрғындарға берілген уәдені орындауға жөндеу жұмыстарындағы олқылық кедергі келтіріпті. Құрылыс компаниясының басшысы осылай дейді.

 «Бұған дейін 30-шы маусымда аяқталады деген едік. Себебі, біз келісімшартқа отырған кезде яки құжаттама бойынша ертерек аяқтаймыз деп болжадық. Яғни 1 айдың ішінде. Бірақ құрылыс монтаждау жұмысына кіріскен кезде бұрынғы компания сапасыз жөндеу жұмыстарын жүргізген. салдарынан уақытта кейін шегерілді», - деді құрылыс компаниясының бас директоры Руслан Кадесов.

 «Шығыс» тұрғын үй кешенінің тұрғындары 12 жылдан бері тиісті құжаттарын ала алмай жүр. Ал жауапты мамандар айдың соңына дейін бұл мәселе шешімін табады деп сендірді. Еске салайық, бұл тұрғын үй кешенІ «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтерген.