Санитар мамандар Құрбан айтты тойлау кезінде сақтық шараларын сақтау қажеттігін ескертті

Автор: Azattyq Rýhy

Құрбан айт мерекесі 9-11 шілде аралығында өтеді

Елдегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты, сондай-ақ тұрғындар арасында СOVID-19 және жіті ішек инфекцияларының таралуына жол бермеу мақсатында Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Мамандар мал союды ветеринариялық анықтама болған жағдайда ғана жүргізуге және жабық үй-жайларда, адамдар көп шоғырланатын орындарда бұқаралық іс-шараларды өткізу кезінде қашықтықты сақтауға, бетперде киіп, қолды жиі антисептикпен өңдеуге кеңес берді.

Сонымен қатар қоғамдық тамақтану объектілерінде және салттық іс-шараларды өткізу бойынша қызмет көрсететін объектілерде үйде дайындалған тағамдарды пайдалануға болмайды. Әрі тез бұзылатын өнімдер салқын орынжайларда сақталуы керек.  Азық-түлік өнімдерін, әсіресе сүт, салаттар сатып алғанда, жарамдылық мерзіміне, шығарылған күніне назар аударып, дайындалған тағамды бөлме температурасында 2 сағаттан артық қалдыруға болмайды.

«Кездейсоқ адамдардан немесе рұқсат етілмеген сауда орындарынан тамақ өнімдерін сатып алмау, жаңа дайындалған тағамды алдыңғы күннің қалдықтарымен араластырмау, бірақ егер дайын тағам келесі күнге қалса, онда оны қолданар алдында термиялық өңдеуден өткізу қажет», - делінген Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитенінің хабарламасында.

Сондай-ақ, Qurban2022.kz сайтына өтінім беріп, онлайн режимде құрбандық шалу мүмкіндігі қарастырылған.